Премьер-министр Олжас Бектенов құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссия отырысын өткізіп, елдегі жол ахуалын өткір сынға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет басшысы жол қауіпсіздігіне қатысты бірқатар қатаң шараны іске қосуды тапсырды. Әңгіме электросамокат иелерін міндетті сақтандырудан бастап, «ақылды» камералар желісін кеңейтуге дейінгі ауқымды өзгеріс жайында болып отыр.
Жолдағы ахуал неге алаңдатады
Ішкі істер министрлігінің дерегіне қарағанда, Қазақстан жолдарында жыл сайын шамамен 40 мың адам жарақат алып, 2,5 мыңға жуық адам көз жұмады. 2026 жылдың басынан бері өлім көрсеткіші 4 пайызға төмендегенімен, жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жол апатының 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болатынын айтты. Жыл басынан бері елде жол қозғалысы ережесін бұзудың 3 миллионнан астам дерегі тіркелген. Сонымен бірге 5,5 мың мас жүргізуші ұсталған.
Осы сандардың өзі-ақ мәселе тек жол сапасында емес, рөлдегі тәртіп пен жауапкершілікте жатқанын көрсетіп тұр.
Самокат иесіне енді де талап күшейеді
Отырыста ерекше назар аударылған тақырыптың бірі электросамокат болды. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда самокат жүргізушілеріне қатысты жаңа талап күшіне енбек.
Ең маңызды жаңалық самокат иелері үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру енгізіледі. Сонымен қатар кикшеринг компанияларына қойылатын бақылау күшейеді.
Олжас Бектенов өңір әкімдеріне қысқа мерзім ішінде самокат қоятын арнайы тұрақ орындарын анықтап, қозғалысқа тыйым салынатын аумақтарды белгілеуді тапсырды. Яғни енді самокат еркін қозғала беретін құрал емес, шекарасы мен тәртібі нақтыланған көлік түріне айналмақ.
Техбайқау мен газ жабдығына қатысты сүзгі қатаңдайды
Ішкі істер министрлігі көліктің техникалық жай-күйін бақылауды да күшейтуді ұсынды. Алдағы уақытта жүк көлігі мен автобустар жарық қайтаратын арнайы таңбасыз техникалық байқаудан өте алмайды.
Газ баллон орнатылған көліктерге қойылатын талап та қатая түседі. Үкімет басшысы Көлік министрлігіне техбайқау жүйесін толық қайта қарап, формалды көзқарасты жоюды тапсырды. Мұндағы астар анық: қағаз жүзінде өткен техбайқау емес, шын мәнінде қауіпсіз көлік керек.
Орташа жылдамдық пен жасырын патруль күшейеді
Бектенов орташа жылдамдықты тіркеу тәсілі оң нәтиже бергенін атап өтті. Соған байланысты мұндай камералар ақылы трассамен шектелмей, енді облыстық маңызы бар жолдарға да қойылуға тиіс.
Бұған қоса, Астанада қолданылып жүрген жасырын патруль тәжірибесі ел көлемінде таратылады. Үкімет басшысының айтуынша, жүргізуші ережені камера көріп тұрғанда ғана емес, үнемі сақтауға дағдылануы керек.
Осы сөзден кейін биліктің ұстанымы да анық аңғарылды: жолдағы тәртіп нүктелік бақылаумен емес, үздіксіз бақылау психологиясымен орнығуы тиіс.
Алматыдағы қайғылы апаттан кейін не тапсырылды
Премьер-министр Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған, үш жас адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына да арнайы тоқталды. Қала әкімі Дархан Сатыбалдыға мегаполистегі апат санын шұғыл азайтуға бағытталған нақты шара қабылдау тапсырылды.
Соның ішінде интеллектуалды трафик басқару жүйесін дамыту мәселесі аталды. Яғни Алматыда жол қозғалысын реттеу енді тек белгі мен бағдаршамға емес, цифрлық басқару тетігіне де арқа сүйеуі мүмкін.
Тағы қандай өзгеріс күтіледі
Жиында такси нарығына қатысты да қатаң қадамдар айтылды. Қазірдің өзінде агрегаторлар тізімінен 63 мың оң рөлі ауыстырылған көлік шығарылған. Ал алдағы кезеңде осындай қайта жабдықталған оң рульді көліктерді таксиде пайдалануға заң жүзінде тыйым салу мәселесі пысықталып жатыр.
Түнгі уақытта жол белгісінің көрінуін арттыру үшін 11 өңірде лазерлік жүйе енгізіліп жатыр. Мұндай тетік жүргізушінің бағдарды жақсырақ аңғаруына көмектесуі тиіс. Мектеп каникулы қарсаңында балалар қауіпсіздігіне де екпін берілмек. Полиция мен мектептер ата-аналармен түсіндіру жұмысын күшейтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

