Қазақстан мен Ресей екі ел аумағында алты бірлескен мектеп салу мәселесін пысықтап жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл жөнінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астанада Қазақстан СІМ басшысы Ермек Көшербаевпен келіссөзден кейін өткен брифингте мәлімдеді. Айтуынша, білім саласы екі ел арасындағы күн тәртібіндегі маңызды бағыттың біріне айналған.
Лавров алты мектептің үшеуі Ресей аумағында, тағы үшеуі Қазақстанда салынатынын айтты. Ресейдегі мектептер қазақ тілінде білім беруге бағытталуы мүмкін деген ақпарат та тарады.
Қазақстандағы үш мектеп орыс тілінде оқытатын бірлескен білім нысаны ретінде қарастырылып отыр.
Кездесу барысында тараптар қазақ-ресей мектептерін құру жобаларымен қатар, Астана мен Алматыда ресейлік «Сириус» мектебінің филиалдарын ашу мәселесін де талқылаған.
Қазақстан СІМ мәліметінше, Ермек Көшербаев пен Сергей Лавров 2027–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарын қабылдады. Келіссөзде біліммен қатар, сауда, көлік дәліздері, экология, су ресурстары және Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындық мәселесі де қозғалды.
Лавровтың айтуынша, Ресей мен Қазақстан арасындағы білім байланысы соңғы жылдары тез кеңейіп келеді. Қазақстанда Ресей жоғары оқу орындарының филиалдары жұмыс істейді, ал Ресейде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылған.
Алты мектеп жобасы осы білім саясатының жалғасы ретінде ұсынылып отыр. Дегенмен әзірге мектептердің нақты қай қалада салынатыны, құрылыстың мерзімі мен қаржыландыру тетігі ресми түрде толық жарияланған жоқ.
Айта кетелік, бұған дейін Лавров ҰҚШҰ-дағы орнын босатқан Тасмағамбетов туралы пікір білдіріп, Кремльдің үш жылдық жоспарын жария еткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







