Түркияның Baykar қорғаныс компаниясы бірнеше ай ішінде K2, Sivrisinek және Mizrak атты үш жаңа дрон жобасын таныстырып, алыс қашықтықтан соққы жасауға арналған ұшқышсыз жүйелер бағытын күшейтіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Компания 5-9 мамыр аралығында Ыстанбұлда өтетін SAHA 2026 қорғаныс көрмесінде Mizrak атты жаңа әзірлемесін алғаш рет көпшілікке көрсетпек.
Түрік дереккөздері оны жасанды интеллект элементтері бар, автономды әрекет етеді. Baykar мәліметіне қарағанда, Mizrak 1000 шақырымнан астам қашықтыққа ұшып, 7 сағаттан көп әуеде бола алады. Жүйе радиоэлектрондық кедергі күшейген ортада да GPS-ке толық тәуелді болмай, автономды навигацияны пайдаланады.
Mizrak екі түрлі конфигурацияда ұсынылады. Бір нұсқасында 40 келілік жауынгерлік бөлік, екіншісінде 20 келілік жеңіл оқтұмсық қарастырылған.
Аппаратқа нысананы дәл анықтауға арналған бағыттау жүйесі, сондай-ақ миссия сипатына қарай электрооптикалық немесе инфрақызыл камера орнатылады. Яғни ол тек «камикадзе-дрон» қызметімен шектелмей, барлау, бақылау және нақты соққы жасау міндетін қатар атқара алады.
Ашық деректерде Mizrak қанатының құлашы 4 метр, ұзындығы 3, 6 метр, биіктігі 1, 2 метр деп көрсетіледі. Ұшу салмағы шамамен 200 келі, ең жоғары жылдамдығы 185 шақырымға жуық.
Байланыс арнасы 80 шақырымға дейін жұмыс істейді деген мәлімет бар. Мұндай сипаттама оны шағын тактикалық дрон мен ауыр «дипстрайк» платформасының ортасындағы аралық жүйеге жақындатады.
Түркияның дрондық доктринасы
Бір қарағанда, Baykar бір міндетті қайталайтын бірнеше аппарат жасап жатқандай көрінеді. Өйткені K2 де, Sivrisinek те, Mizrak та алыс қашықтықтағы соққы, автономды навигация, жасанды интеллект және ройлық әрекет ұғымдарымен сипатталады.
Бірақ әскери логика тұрғысынан қарағанда, мұндай әртүрлілік кездейсоқ емес. Түркия бір ғана әмбебап дронға сүйенбей, әртүрлі салмақ, баға, қашықтық және нысана түріне бейімделген ұшқышсыз жүйе желісін құруға тырысып отыр.

K2 осы үштіктің ішіндегі ең ауыр әрі қуатты нұсқа саналады. Ашық деректерде оның 2000 шақырымнан астам қашықтыққа ұшатыны, 800 келіге дейін ұшу салмағы және 200 келілік жауынгерлік бөлігі бар екені жазылған.
Мұндай аппарат алыс тылдағы инфрақұрылым, әскери қойма, аэродром немесе ірі нысанға соққы жасауға ыңғайлы. Бірақ көлемі үлкен болған сайын оны әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі ертерек байқауы мүмкін.
Mizrak осы жерде басқа рөлге шығады. Ол K2 секілді ауыр оқтұмсық тасымайды, бірақ ықшамдау, икемдірек және барраждаушы режимде ұзақ бақылау жүргізуге бейім.
Мұндай дрон жаудың әуе қорғанысы, радиолокациялық станциясы, мобильді командалық пункті немесе қозғалыстағы техникасына қарсы қолданылуы мүмкін.
Әсіресе 20 және 40 келілік екі конфигурация бөлек баға сегментін қалыптастырады. Қымбат сенсорлар мен күрделі бағыттау жүйесі қажет миссияға бір нұсқа, жаппай соққы немесе арзанырақ операцияға екінші нұсқа пайдаланылуы ықтимал.
Sivrisinek те осы қатарда жеке орын алуы мүмкін. Оның атауы түрік тілінде «маса» деген мағына береді. Baykar бұл дронды да SAHA 2026 көрмесінде көрсетуді жоспарлап отыр.
Defence Turkey дерегінше, K2 және Sivrisinek жасанды интеллект қолдайтын ройлық автономия, GNSS-ке тәуелсіз навигация, автоматты нысана анықтау және соққы жасау мүмкіндігін көрсетті.
Демек, Baykar бір ғана дрон емес, тұтас доктрина ұсынып отыр. Онда ауыр K2 басты соққы құралы болуы мүмкін. Mizrak нысананы іздеп, әуе қорғанысын тұншықтыруға, барлау жасауға және дәл соққы беруге бейімделеді.
Sivrisinek болса ройлық әрекетте, қанықтыру шабуылында немесе қарсыластың қорғанысын алаңдату миссиясында қолданылуы ықтимал. Мұндай тәсіл Украина соғысында көрінген жаңа шындықпен байланысты.
Анкара автономды соғысқа дайындалып жатыр
Әскери-техникалық тұрғыдан ең күрделі сұрақ Baykar тым көп функцияны бір аппаратқа сыйдыруға тырысып отырған жоқ па деген мәселе. Барраждаушы оқ-дәрі әдетте арзан, көптеп шығарылатын және нысанаға соғылған соң жоғалатын құрал болуы керек.
Ал ұзақ қашықтық, жасанды интеллект, электрооптикалық камера, инфрақызыл жүйе, автономды навигация және дәл бағыттау модулі қосылған сайын дрон қымбаттайды. Қымбат аппаратты бір реттік соққыға жұмсау экономикалық жағынан әрдайым тиімді бола бермейді.
Осы қайшылық K2 мен Mizrak жобасында анық байқалады. K2 ауыр әрі алысқа ұшады, бірақ көлемі үлкен. Mizrak шағындау, бірақ сенсорлық және автономды мүмкіндігі күрделі. Екеуі де «дипстрайк» міндетін атқара алады.
Бірақ бірі стратегиялық тереңдікке ауыр соққы жасаса, екіншісі орташа қашықтықтағы дәл, икемді және барлау-соққы миссиясына көбірек лайық болуы мүмкін.
Түркия үшін мұндай әзірлемелердің саяси салмағы да бар. Baykar бұған дейін Bayraktar TB2 арқылы Украина, Әзербайжан, Ливия және басқа бағыттарда дрон дипломатиясының символына айналды.
Енді компания тек орта биіктіктегі барлау-соққы дронымен шектелмей, Иранның Shahed үлгісіне ұқсас, бірақ технологиялық деңгейі жоғарырақ алыс қашықтықтағы соққы аппараттары нарығына кіріп жатыр.
Middle East Eye сараптамасында K2-нің 200 келілік оқтұмсық алып, 2000 шақырымға дейін ұша алатыны, ал мұндай жүйелер Иранның Shahed платформаларымен бәсекелесе алатыны айтылады.
Технология мен стратегия тоғысқанда
Нарықтағы бәсеке Baykar үшін жеңіл болмайды. Түркияның STM компаниясы да бірнеше мың шақырымға дейін соққы жасай алатын өз нұсқаларын көрсетіп жүр. Сондықтан Baykar үш түрлі аппарат ұсыну арқылы тек майдандағы тактиканы емес, экспорттық нарықты да көздеп отырғандай.
Бір елге ауыр K2 керек болуы мүмкін. Екінші мемлекетке арзанырақ әрі жаппай қолданылатын Sivrisinek тиімді. Үшінші тапсырыс берушіге Mizrak секілді барлау мен дәл соққыны біріктіретін платформа қажет.
Қазіргі дрон соғысында басты артықшылық бір ғана аппараттың мықтылығында емес. Негізгі басымдық жүйелердің бірге жұмыс істеуінде. Қымбат ракетаға ұқсайтын ауыр дрон, шағын барраждаушы аппарат, арзан алдамшы нысана, радиоэлектрондық күреске төзімді навигация және ройлық алгоритм бір желіге біріктірілгенде ғана әуе қорғанысын шаршатып, нысанаға жету мүмкіндігі артады.
Baykar осы бағытта алға шыққысы келеді. K2, Sivrisinek және Mizrak арасындағы функция қайталауы сырттай қарағанда артық көрінгенімен, шын мәнінде Түркия жаңа соғыс архитектурасын жинап жатыр. Онда әр дрон жеке қару емес, ортақ операциялық жүйенің бір бөлшегі болады.
Егер бұл тұжырымдама толық іске асса, Түркия алдағы жылдары дрон экспортында тағы бір деңгейге көтеріледі. Бұрын Bayraktar TB2 Анкараға саяси бедел әкелсе, жаңа үштік Түркияны алыс қашықтықтағы автономды соққы жүйелері нарығына кіргізуі мүмкін.
Ал мұндай нарықта сұраныс артып келеді. Себебі қазіргі майданда қарсыластың тылына 1000-2000 шақырым тереңдікке соққы жасау бұрынғыдай тек баллистикалық ракетаға тәуелді болмай қалды. Дрон технологиясы осы шекараны өзгертіп жатыр.
Әлемде зымырандық қарулану мен әскери технологиялар жарысы жаңа кезең басатлды. АҚШ барлау қызметінің соңғы бағалауы бұл үрдістің тек аймақтық емес, жаһандық қауіпке айналып бара жатқанын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







