Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи Вьетнаммен энергетика, маңызды минералдар және жоғары технологиялар саласындағы байланысты тереңдетуге ниетті екенін мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол Вьетнам премьер-министрі Ле Минь Хунгпен келіссөз өткізіп, 2023 жылы құрылған жан-жақты стратегиялық әріптестікті жаңа бағыттармен толықтыру мәселесін талқылады. Тараптар энергетика, маңызды пайдалы қазба, жасанды интеллект, жартылай өткізгіш, ғарыш технологиясы және инфрақұрылым саласына ерекше назар аударды.
Такаичидің айтуынша, екі ел экономикалық қауіпсіздікті екіжақты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыты ретінде белгіледі.
Соңғы жылдары жаһандық саясатта энергия тасымалы, мұнай бағасы, сирек металдар және өндірістік тізбек мәселесі кәдімгі сауда тақырыбынан ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтерілді. Жапония мен Вьетнамның қазіргі келіссөзі де осы өзгерістің бір көрінісі болып отыр.
Вьетнам Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай бағасы өсіп, жеткізу тізбектері бұзылып жатқан тұста Жапониядан және басқа да серіктестерден қолдау сұрап отыр. Такаичи Вьетнам ұлттық университетінде сөйлеген сөзінде мұндай тәуекелдер өңір елдерін тығыз үйлесімге итермелейтінін айтты.
Оның пікірінше, экономикалық белсенділікке қажет мұнай өнімдерін тұрақты жеткізу үшін Жапония мен АСЕАН елдері аймақтық жеткізу тізбектерін бірлесіп күшейтуі керек.
Жапония осы мақсатта құны 10 млрд доллар болатын Power Asia бастамасы арқылы Азия елдерінің энергетикалық дербестігін қолдауға дайын. Вьетнам премьер-министрі Ле Минь Хунгтің айтуынша, осы бағдарлама аясында Жапония Нги Сон мұнай өңдеу және мұнай-химия кешеніне шикі мұнай жеткізуді ұйымдастыруға көмектеседі.
Токио бұл қадамды өзінің «Еркін және ашық Индо-Тынық мұхиты» стратегиясымен байланыстырып отыр. Аталған тұжырымдаманы он жыл бұрын бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэ ұсынған еді.
Енді Жапония оны экономикалық қауіпсіздік, инфрақұрылым және өндірістік тұрақтылық бағытымен күшейткісі келеді. Вьетнам тарапы да Жапонияның өңірлік стратегиясына, соның ішінде осы Индо-Тынық мұхит тұжырымдамасына қолдау білдірді.
Келіссөзде маңызды минералдар мәселесі де бөлек қаралды. Жапония сирек жер элементтері бойынша Қытайға тәуелділікті азайтуды көздеп отыр. Бұл үшін Токио Вьетнам сияқты табиғи қоры бар елдермен жеткізу тізбегін күшейтуге мүдделі.
Токионың жаңа ставкасы
Вьетнамда сирек жер элементтері мен галлийдің едәуір қоры бар. Алайда оларды өңдеу және нарыққа шығару технологиялық шектеу мен Қытайдың өңдеу секторындағы басымдығына байланысты оңай болмай тұр.
Такаичи екі ел маңызды минералдар бойынша тұрақты жеткізілім мен өндірістік тізбекті нығайту үшін үйлестіруді күшейтуге келіскенін айтты. Мұндай әріптестік Жапония үшін жоғары технологиялық өнеркәсіпті қорғайтын құрал болса, Вьетнам үшін табиғи ресурсты шикізат күйінде қалдырмай, өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік береді.
Жапония Вьетнамды әлемдік өндірістегі маңызды буын ретінде қарастырады. Такаичи жапон мангасы, Apple AirPods және Nintendo Switch сияқты танымал тұтыну өнімдерін мысалға алып, Вьетнамның жаһандық өндіріс жүйесіндегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Шынында да, Вьетнам соңғы жылдары Қытайдан тыс балама өндіріс алаңы ретінде жиі атала бастады.
Жапония Вьетнамдағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып қала береді. Дегенмен ресми деректерге қарағанда, биылғы бірінші тоқсанда Жапонияның жаңа инвестиция көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 75 пайызға төмендеп, 233 млн доллар болды.
Соған қарамастан 2025 жылға жоспарланған инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, 3,08 млрд долларға жеткен. Екіжақты сауда да 12,3 пайызға артып, 13,7 млрд доллар болды.
Жалпы, Жапония мен Вьетнам арасындағы жаңа келіссөз тек екі елдің сауда байланысы туралы ғана емес. Мұнда үлкен геоэкономикалық есеп жатыр. Токио Қытайға тәуелділікті азайтып, энергия мен минерал жеткізу арналарын әртараптандырғысы келеді.
Ханой болса өз өндірістік әлеуетін күшейтіп, мұнай, технология және минерал саласында сенімді әріптеске сүйенуді көздейді.
Такаичи айтқандай, Жапония, АСЕАН және тұтас Индо-Тынық мұхит аймағы бірге әрекет етсе, тұрақты әрі берік экономикалық кеңістік қалыптастыра алады.
Қазіргі жағдайда мұндай байланыс жай дипломатиялық ұран емес, энергия бағасы, логистика, сирек минерал және технологиялық тәуелсіздік үшін жүріп жатқан үлкен бәсекенің нақты бөлігіне айналып отыр.
Қазақстан сирек кездесетін минералдарды өңдеуде үш ірі жобаны іске қосуға дайындалып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







