Қазақстанда Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдейтін дәрілерді сатып алу кезінде ірі алаяқтық әрекет әшкереленді. Бес жыл бойы жалғасқан заңсыз схема мемлекетке 3,7 млрд теңге зиян келтірген. Қазір тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілуде деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) хабарлауынша, «Интерфармсервис» ЖШС Қазақстан аумағындағы дәрілердің жалғыз ресми дистрибьюторы болған. Компания бес жыл бойы медициналық мекемелерге дәрі-дәрмек жеткізіп тұрған.
Өндіруші компания препараттардың шекті бағасын бекітіп қойғанымен, «Интерфармсервис» басшылығы бағаны жасанды түрде көтерудің заңсыз тәсілін тапқан. Олар жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген компанияны енгізіп, жалған мәмілелер жасап отырған. Осы арқылы препараттардың түпкілікті бағасы бірнеше есе қымбаттатылып, нақты өзіндік құны жасырылған.
Ақшаның қалай жымқырылғаны анықталды
Қаржы мониторингінің дерегінше, «Интерфармсервис» ЖШС басшылары алаяқтық жолмен түскен қаражатты мемлекеттен жасыру үшін жалған жеке кәсіпкерлерді пайдаланып, 4 миллиард теңгеден астам соманы қолма-қол ақшаға айналдырған. Осы арқылы компания 637 млн теңгеден астам салықты төлеуден жалтарған.
Талан-таражға түскен ақшаға қандай мүлік алынды?
Тергеу мәліметіне сәйкес, заңсыз жолмен түскен қаражатқа компания басшылары 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 жеке тұрғын үй сатып алған. Қазір осы дүние-үліктерге тыйым салынып, оларды мемлекет пайдасына тәркілеу шаралары жүргізілуде.
Қылмыстық іске қатысты екі күдікті үйқамаққа алынған. Ал тағы бір фигурант кепілмен босатылған. Тараптар қазір істің материалдарымен танысып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпараттар жариялауға жатпайды.
Дәрі-дәрмектің қымбаттауына әсер бар ма осы?
Осы оқиға Қазақстандағы дәрі-дәрмек бағасының күрт өсуі туралы қоғамдық пікірталаспен тұспа-тұс келіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі де жақында дәрі-дәрмек бағасының шарықтап кету себебін түсіндірген болатын.
ҚМА дерегінше, алаяқтық әрекеттер тек мемлекетке емес, қарапайым азаматтардың қалтасына да жанама түрде әсер етуде.
Қазір қоғам осы істің сотта қалай аяқталатынын мұқият бақылап отыр. Денсаулық сақтау саласындағы коррупция Қазақстан тарихындағы ең резонансты істің бірі болғалы тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







