Құрылтай туралы жаңа заң жобасында Президенттің жоғары өкілді органды тарату құқығы нақты жағдаймен шектеліп көрсетілген деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасына сәйкес, Президент Құрылтай төрағасымен және Премьер-министрмен кеңескеннен кейін Құрылтайды тарата алады. Алайда құжатта мұндай шешімнің бірден қабылдана салмайтыны аңғарылады. Таратуға негіз болатын саяси жағдай бөлек көрсетілген.
Ең маңызды норма Премьер-министрді тағайындау тәртібіне қатысты. Егер Құрылтай Президент (қазіргі жағдайда Тоқаев, ред.) ұсынған Премьер-министр кандидатурасын екі рет мақұлдамаса, Мемлекет басшысы Құрылтайды таратуға құқылы.
Осы арқылы заң жобасы Үкімет басшысын бекіту мәселесін саяси дағдарысқа ұластырмаудың жолын белгілеп отыр.
Нені білу маңызды?
Президент Құрылтайды таратқан жағдайда жаңа сайлау өткізіледі. Жоба бойынша, таратылған Құрылтай орнына сайланған жаңа құрамның өкілет мерзімі кезекті сайлауға дейінгі уақытқа ғана созылады. Яғни жаңа құрам толық бес жылдық циклді емес, қалған мерзімді аяқтауы мүмкін.
Құжатта таратуға болмайтын кезең де нақты жазылған.
Құрылтай төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде таратылмайды. Президент өкілетінің соңғы алты айында да мұндай шешім қабылданбайды. Сонымен бірге алдыңғы таратудан кейін бір жыл өтпесе, Құрылтайды қайта таратуға жол жоқ.
Мұндағы саяси тепе-теңдік анық көрінеді. Бір жағынан, Құрылтай Премьер-министр кандидатурасына келісім бермеу арқылы Үкімет құрамына ықпал ете алады. Екінші жағынан, сол қарсылық екі рет қайталанса, Президент дағдарысты сайлау арқылы шешуге мүмкіндік алады.
Заң жобасы қабылданса, Құрылтайды тарату билік тармақтары арасындағы ең салмақты саяси құралдың біріне айналмақ. Бірақ ол күнделікті қысым тетігі емес, Үкімет басшысын бекіту кезінде келісім табылмаған жағдайда қолданылатын соңғы амал ретінде жазылған.
Айта кетелік, бұған дейін біз Мәжілістің орнын басатын жаңа құрылымға Үкіметтен тайсалмайтын құзірет берілетінін жазғанбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







