Қазақстанда банк несие берер алдында қарыз алушыны бірнеше негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Fingramota.kz мәліметінше, қаржы ұйымдары ең алдымен кредит рейтингін, скоринг нәтижесін және қарыз жүктемесі коэффициентін қарайды. Дәл осы көрсеткіштер адамның несие ала ала ма, қандай сома мақұлданады және пайыздық мөлшерлеме қандай болады деген сұраққа әсер етеді.
Кредит рейтингі қарыз алушының қаржылық тәртібін көрсетеді. Ол кредит тарихына сүйеніп қалыптасады. Бұған бұрын алынған несие саны, төлемнің уақытылы жасалуы, кешіктіру дерегі және міндеттемені өтеу тәртібі кіреді. Рейтинг жоғары болса, банктің сенімі де артады. Мұндай жағдайда несие алу мүмкіндігі көбейіп, шарттары тиімдірек болуы мүмкін.
Ал кредит рейтингі төмен болса, банк немесе микроқаржы ұйымы несие беруден бас тарта алады. Қазақстан заңнамасына сәйкес, қаржы ұйымдары қарыз алушының төлем қабілетін міндетті түрде бағалауы керек.
Әр азамат жылына бір рет өзінің кредит есебін тегін алуға құқылы. Оны eGov.kz порталы, Бірінші кредит бюросының сайты арқылы онлайн алуға болады. Сондай-ақ Мемлекеттік кредит бюросына, Бірінші кредит бюросына, ХҚКО-ға немесе Қазпошта бөлімшесіне жеке куәлікпен барып сұратуға мүмкіндік бар.
Скоринг шешеді
Скоринг қарыз алушыны автоматты түрде бағалайтын жүйе. Банк адамның табысын, жұмыс орнын, еңбек өтілін, жасын, білімін, отбасылық жағдайын, кредит тарихын және басқа несиелерін талдайды. Осы мәліметтер негізінде арнайы балл беріледі.
Әр банктің скоринг жүйесі әртүрлі болуы мүмкін. Бір банк үшін тұрақты табыс маңызды болса, екінші банк еңбек өтіліне немесе бұрынғы төлем тәртібіне көбірек мән беруі ықтимал. Бірақ негізгі ұстаным ортақ: адам несиені уақытылы қайтара ала ма, соны анықтау.
Скоринг нәтижесі жоғары болса, қарыз алушыға стандартты немесе тиімді шарт ұсынылады. Мысалы, төмен пайыздық мөлшерлеме немесе үлкенірек сома берілуі мүмкін. Орташа скоринг кезінде несие мақұлдануы мүмкін, бірақ сома немесе мерзім шектеледі. Төмен скоринг көбіне бас тартуға алып келеді.
Қарыз жүктемесі коэффициенті де маңызды көрсеткіш саналады. Ол адамның ай сайынғы табысының қанша бөлігі несие төлеуге кететінін көрсетеді. Коэффициент жоғары болған сайын, банк үшін тәуекел де артады.
Бұл көрсеткіш қарапайым формуламен есептеледі. Ай сайынғы барлық несие төлемі орташа айлық табысқа бөлінеді. Есепке ипотека, автонесие, кредит картасының лимиті, тұтынушылық несие және микрокредит бойынша міндетті төлемдер кіреді. Табыс ретінде соңғы алты айдағы ресми және құжатпен расталған кіріс қаралады. Оған жалақы, шәкіртақы, зейнетақы, жәрдемақы сияқты түсімдер кіруі мүмкін.
Қарызды уақытында қайтару маңызды
Мысалы, адамның ай сайынғы несие төлемі 120 мың теңге, ал табысы 300 мың теңге болса, қарыз жүктемесі коэффициенті 0,4 болады. Қазақстанда азаматтар үшін шекті көрсеткіш 0,5 деңгейінде белгіленген. Яғни ай сайынғы несие төлемі табыстың жартысынан аспауы керек.
Егер адамның соңғы 12 айда 90 күннен асқан кешіктірілген төлемі болса, оған қойылатын талап күшейеді. Мұндай жағдайда қарыз жүктемесінің ең жоғары шегі 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендейді. Мысалы, табыс 300 мың теңге болса, бұрын ай сайын 150 мың теңгеге дейін төлем жасауға мүмкіндік қаралса, енді ең жоғары шек 75 мың теңге болады.
Сондықтан несие алғысы келетін адам алдымен өз қаржылық жағдайын дұрыс бағалауы керек. Кредит тарихын тексеру, бұрынғы қарызды уақытылы жабу, табысты ресми көрсету және артық несие алмау банктің шешіміне тікелей әсер етеді.
Банк үшін басты сұрақ біреу, қарыз алушы алған ақшаны уақытында қайтара ала ма. Ал кредит рейтингі, скоринг және қарыз жүктемесі осы сұраққа берілетін негізгі жауап болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







