Қазақстанда негізгі ҰБТ басталды. Алғашқы күні ел бойынша 926 талапкер тест тапсырып жатыр. Астанада сынаққа 359 абитуриент кірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ 10 шілдеге дейін жалғасады. Тестілеуге қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер өтініш берген. Екі мүмкіндік ескерілгенде, қабылданған өтініш саны 446 мыңнан асады.
Өтініш бергендердің 74 пайызы тестті қазақ тілінде тапсыруды таңдаған. 26 пайызға жуығы орыс тілін көрсеткен. Ағылшын тілінде ҰБТ тапсыратындар саны 851 адам.
Талапкерлер өтініш беру кезінде тест күні, уақыты мен тапсыратын пунктін өздері таңдаған. Биыл ҰБТ 45 тестілеу пунктінде өтеді.
Формат өзгерді ме?
2026 жылы ҰБТ форматы бұрынғы күйінде қалды. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейінді пән тапсырады.
Жалпы тапсырма саны 120. Қазақстан тарихынан 20 сұрақ, оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан 10 сұрақтан беріледі. Екі бейінді пәннің әрқайсысында 40 тапсырмадан болады.
Ең жоғары нәтиже 140 балл. Тестілеу уақыты 4 сағат, яғни 240 минут. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут беріледі.
Емтихан кезінде бағдарламада калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Абитуриенттерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқасы да ұсынылады.
Шекті балл өзгермеді
Жоғары оқу орындарына түсу үшін ең төменгі шекті балдар бұрынғы деңгейде қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, өзге жоғары оқу орындарына 50 балл жинау қажет.
Педагогикалық бағытқа 75 балл, денсаулық сақтау саласына 70 балл, құқық бағытына 75 балл керек.
Сонымен бірге Қазақстан тарихы мен екі бейінді пәннен, қажет болған жағдайда шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл алу міндетті. Оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық пәндерінен кемінде 3 балл қажет.
Жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өз шекті балын белгілеуі мүмкін.
Телефон мен шпаргалкаға бақылау күшейеді
Тестілеуге кірер кезде талапкерлер қол және рамалық металл іздегіш арқылы өтеді. Министрлік мұны телефон, шпаргалка және басқа тыйым салынған заттарды кіргізбеу, сондай-ақ қауіпсіздікті сақтау үшін енгізіп отыр.
Аудиторияларда мобильді және радиоэлектрондық байланыс сигналын тұншықтыратын құрылғылар қолданылады. Бейнебақылау жұмыс істейді.
ҰБТ аяқталғаннан кейін барлық бейнежазба 31 қазанға дейін тексеріледі. Егер тыйым салынған зат қолдану немесе ереже бұзу дерегі анықталса, тест нәтижесі жойылады. Грант тағайындау туралы куәлік берілген болса, ол да күшін жоғалтуы мүмкін.
Апелляцияға тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде өтініш беруге болады. Апелляция тапсырған талапкердің сертификаты комиссия шешімінен кейін жеке кабинетте қолжетімді болады.
Айта кетелік, бұған дейін вице-премьер Аида Балаева Қазақстанда ҰБТ тапсыру талабы түбегейлі өзгеретінін хабарлаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







