Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус Тенерифеге барып, MV Hondius круиздік лайнеріндегі жолаушылар мен экипажды эвакуациялау барысын жеке бақыламақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кеме Аргентинадан Канар аралдарына қарай шыққан. BILD дерегінше, лайнер 7 мамырдан бері Канар бағытына бет алып келеді және 10 мамырға қараған түні жетуі тиіс. Аралда порт қызметкерлері кеменің келуіне қарсы наразылық білдіре бастаған.
Жергілікті билік әзірге MV Hondius кемесіне порт маңына якорь тастауға ғана рұқсат берді. Жолаушылар жағаға шағын қайықтармен жеткізіліп, кейін әуежайға апарылмақ.
«Бұл ма, бұл COVID емес»
Тедрос Аданом Гебрейесус Тенерифе тұрғындарына арнайы үндеу жасады. Ол адамдардың алаңдауын түсінетінін айтты.
«Сіздердің уайымдап отырғандарыңызды білемін. “Індет” деген сөзді естіп, жағалауға кеме жақындап келе жатқанын көргенде, бәріміз толық ұмыта қоймаған естеліктер қайта оянады. 2020 жылдың ауыр ізі әлі бар, мен оны жоққа шығармаймын. Бірақ бұл тағы бір COVID емес. Хантавирусқа байланысты қоғамдық денсаулыққа төнетін қазіргі қауіп төмен деңгейде қалып отыр», — деді ДСҰ басшысы.
Оның айтуынша, MV Hondius бортындағы вирус Анд хантавирусының штамы. Гебрейесус Тенерифе тұрғындары үшін қауіп төмен екенін бірнеше рет атап өтті.
Жолаушылар тұрғын аудандардан алыс жерге түсіріледі
ВОЗ басшысы қазір кемеде ауру белгілері бар жолаушы жоқ екенін жеткізді. Лайнер бортында ұйым сарапшысы бар.
«Испания билігі мұқият ойластырылған кезең-кезең жоспарын әзірледі. Жолаушылар тұрғын аудандардан алыс, өнеркәсіптік порт аумағында жағаға шығарылады. Олар герметикалық, күзетілетін көлікпен, толық қоршалған дәліз арқылы жеткізіліп, бірден өз елдеріне қайтарылады. Сіздер және отбасыларыңыз олармен кездеспейсіздер», — деді Гебрейесус.
Ол ВОЗ-дың Испанияға жолдаған сұрауы халықаралық медициналық-санитарлық ережелерге толық сай жасалғанын айтты. Осы ережеге сәйкес, борттағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті медициналық мүмкіндігі бар ең жақын порт таңдалуы керек болған.
Кемеде бірнеше апта отырған
Гебрейесустың сөзінше, Тенерифе қажетті медициналық мүмкіндік пен инфрақұрылымға ие болғандықтан таңдалған. Бортта 23 елден шамамен 150 адам бірнеше апта бойы теңізде қалған.
«Кейбірі қайғы жұтып отыр, бәрі қорқып қалған, бәрі үйін сағынған. Тенерифе қажетті медициналық мүмкіндік пен инфрақұрылым болғандықтан таңдалды. Мен осы операцияны жеке бақылау үшін Тенерифеге баруға ниеттімін», — деді ДСҰ басшысы.
Ол кеме капитаны Ян Доброговский, экипаж және лайнерді пайдаланатын компания осы уақыт бойы ВОЗ-бен бірлесіп жұмыс істегенін де атап өтті.
Еске салсақ, MV Hondius круиздік лайнерінде хантавирус ошағы тіркелген. ДСҰ мәліметінше, кемінде сегіз адам ауырған, үшеуі қайтыс болған.
Айтқандай, енді қазақстандық шенеуніктер міндетті есірткі анализін тапсырады. Наркоскринингтен жыл сайын өтуге міндетті шенділердің тізіміне егжей-тегжейлі тоқталған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







