Қазақстан Үкіметі шикізатты терең өңдеуге басымдық беріп, металды ішкі нарыққа бағыттау тетіктерін күшейтіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында ел ішінде металлға сұраныс күрт артқаны айтылған. Бұл өсім жаңа өнеркәсіптік кластерлердің қалыптасуымен байланысты.
Соңғы екі жылда отандық кәсіпорындардың мырышқа сұранысы 4 еседен астам өсіп, 0,725 мың тоннадан 3 мың тоннаға жеткен. Мысқа деген ішкі сұраныс 1,5 есе артып, 20,4 мың тонна болды. Алюминий тұтыну көлемі 77,7 мың тоннаға дейін көбейді.
Үкімет осы сұранысты қамтамасыз ету үшін шикізат экспорттаушыларға жаңа талап қойып отыр. Енді металды шетелге шығаруға лицензия алу ішкі нарыққа жеткізу міндеттемесінің орындалуына байланысты болады. Яғни кәсіпорын алдымен ел ішіндегі өңдеушілерді қамтамасыз етуі керек, содан кейін ғана экспорт мәселесі қаралады.
Қазір отандық металл алуға мүдделі 30-ға жуық ірі кәсіпорын бар. Олардың қатарында «Завод КазКат», «Alageum Cable Product», «Alutech» сияқты өндіріс орындары аталады.
Үкімет жаңа өнеркәсіптік орталықтар құру бағытын да нақтылап отыр. Екібастұзда «Mineral Product International» базасында ферроқорытпа зауыты салынып жатыр. Бұл Павлодар облысында болат өнімдерін шығаратын вертикалды өндірістік тізбектің алғашқы буыны болмақ.
Қостанай және Павлодар облыстарында алюминий кластерін қалыптастыру жоспарланған. Бұл бағытта қытайлық Kazakhstan Jingyum Aluminium Industries және Kazakhstan Jinjiang Co. сияқты инвесторлар қатысып отыр. Негізгі мақсат – алюминийді ел ішінде терең өңдеп, арзан бастапқы шикізат экспортын азайту.
Шикізат саудасынан өңдеу экономикасына өте бастадық
Өңдеу өнеркәсібіне мемлекеттік қолдау көлемі де ұлғайған. 2022 жылдан бері «Бәйтерек» холдингі арқылы индустрияға жеке қаржыландыруды қоса есептегенде 748,8 млрд теңге бағытталған. Биыл бұл мақсатқа тағы 329 млрд теңге бөлінбек.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай саясат Қазақстанның экспорт құрылымын өзгертуі мүмкін. Егер жоспарланған жобалар іске асса, 2028-2030 жылдарға қарай ел шикі мырыш пен алюминий экспортын азайтып, оның орнына кабель, профиль, қорытпа және басқа да орта деңгейлі өңделген өнімдерді көбірек шығара алады.
Бірақ бұл бағыттың тәуекелі де бар. Қытай инвесторларының белсенді қатысуы Қазақстанды өңірлік өндірістік тізбектерге жақындатады. Бір жағынан, бұл технология мен капитал әкеледі. Екінші жағынан, Астанаға экономикалық мүдде мен стратегиялық тәуелділік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тура келеді.
Тағы бір маңызды мәселе – шикізатты сыртқа сатуға үйренген ірі экспорттаушылар мен ел ішінде терең өңдеуді дамытқысы келетін жаңа кәсіпорындар арасындағы мүдде қақтығысы. Үкімет ішкі нарықты қорғауды күшейткен сайын, бұл тартыс айқынырақ көрінуі мүмкін.
Екібастұз бен Қостанай алдағы жылдары жаңа өнеркәсіптік орталықтарға айналуы ықтимал. Бұл өңірлерге инвестиция, маман, логистика және энергетика салалары қатар тартылады.
Қазақстан үшін басты мақсат – жер қойнауынан алынған металды сол күйі сатпай, ел ішінде құн қосу. Егер бұл саясат жүйелі жалғасса, экономика шикізатқа тәуелді модельден біртіндеп өңдеу мен өндіріс логикасына өте бастайды.
Қазақстан «жаңа мұнайға» айналған сирек кездесетін металдың мол қорына иелік етеді. Ел аумағындағы сирек металл қоры 28,2 млн тоннаға жетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







