Қазақстанда банкрот деп танылған 66,6 мың адамның 250 млрд теңге қарызы есептен шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша жаңа дерек айтты.
Оның мәліметінше, соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы шамамен 65 мың азамат банкрот деп танылған. Осы азаматтар бойынша есептен шығарылуға тиіс берешек көлемі 132 млрд теңгеге жуықтайды.
«Соттан тыс банкроттық бойынша бүгінде 65 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Олар бойынша шамамен 132 млрд теңге қарыз есептен шығарылуға жатады. Ал сот арқылы банкроттық рәсімі бойынша 632 адам банкрот деп танылды. Екі рәсімді қоса алғанда, жалпы 66 600 адам банкрот мәртебесін алды. Осы адамдардың қарызы 250 млрд теңгеге жетіп отыр», — деді Сисембаева.
Комитет өкілі төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсіміне қатысты да дерек келтірді. Қазір 1118 азамат бойынша осындай рәсім қарастырылған. Оның ішінде 402 азаматтың төлем жоспары қабылданып, олар қарызын бекітілген кесте бойынша төлей бастаған.
«Адамға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту үшін екі ай беріледі. Қазір 402 азамат бойынша жоспар қабылданды. Олар қарызын кестеге сай төлеп жатыр. Мұндай рәсім адамға бірден банкрот мәртебесін бермейді, алдымен берешекті өтеудің нақты тәртібі жасалады», — деді ол.
Нені білу маңызды?
Соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін азаматтың қарызы 1600 АЕК-тен аспауы, берешегі 12 ай бойы өтелмеуі, атында мүлік болмауы және банкпен немесе микроқаржы ұйымымен қарызды реттеу рәсімінен өтуі керек. Атаулы әлеуметтік көмекті соңғы алты ай алған адамдарға және қарызы бес жылдан артық өтелмеген азаматтарға бөлек жеңілдетілген тәртіп қарастырылған.
Өтініш eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat қосымшасы немесе ХҚКО арқылы беріледі. Нәтиже жеке кабинетке 15 жұмыс күні ішінде келеді.
Банкрот деп танылған азамат бес жыл бойы банктен және микроқаржы ұйымынан несие ала алмайды. Қайта банкроттыққа тек жеті жылдан кейін жүгінуге болады. Сонымен бірге банкрот болған адамның қаржылық жағдайы үш жыл бойы бақылауда болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







