Танымал әнші Мақпал Жүнісова әлеуметтік желіде әріптесі Роза Рымбаеваның сұхбатынан кейін өзіне қатысты тараған әңгімеге жауап берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өнер иесінің айтуынша, Роза Рымбаеваның «кейбір әншілердің концертіне адамдарды әкімдік күштеп кіргізеді» деген сөзі желіде Мақпал Жүнісоваға қатысты айтылғандай қабылданған. Осыдан кейін бірқатар қолданушы оның концерттеріне көрермен әкімдік арқылы жиналады деген пікір жазған.
Мақпал Жүнісова мұндай әңгімені үзілді-кесілді жоққа шығарды. Әнші өмірінде әкімдікке барып, концерт ұйымдастырып беруді сұрамағанын айтты. Оның сөзінше, сахнадағы кештеріне халық өз еркімен келеді.
Өнер иесі мұндай пікір айтатын адамдарға нақты дәлелге сүйену керегін ескертті. Ол қажет болса, гастрольдік сапарға бірге шығып, концертке көрерменнің қалай жиналатынын тексеруге болатынын жеткізді.
Мақпал Жүнісова Роза Рымбаеваның мұндай тақырыпта пікір білдіргенде нақты кім туралы айтып отырғанын ашық атағаны дұрыс болар еді деп есептейді. Әнші өзінің концерттерінде әкімдік арқылы адам жинау болмағанын және алдағы уақытта да болмайтынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







