Депутат Бақытжан Базарбек қолға алатын жалақысы күнкөріске жетпейтінін айтып, жұбайынан да жұмысқа шығуды сұрағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Журналистер депутаттан Мәжілістегі қазіргі жалақы жеткілікті ме деп сұраған екен. Базарбек бұған бұлтақтамай тура жауап қатыпты. Сөзінше, 500, 700 немесе 800 мың теңге табыс көпбалалы отбасы үшін жеткіліксіз.
«Қазіргі жалақыны бір айға жеткізу мүмкін емес. Өзіңіз қараңызшы, 500, 700, 800 мың теңге кімге жетеді? Әсіресе отбасында 5-6 бала болса. Біздің депутаттардың арасында да 5-6 бала-шағасы бар, ақарлы-шақарлы азаматтар жетіп артылады», — деді мәжілісмен.
Базарбек табысының басым бөлігін балаларға жұмсайтынын айтып отыр. Балабақша, үйірме, киім-кешек, аяқкиім секілді күнделікті шығын ай сайын отбасы бюджетіне опырып кетеді екен.
«Баланы балабақшаға апару, секцияға беру, киіндіру, аяқкиім алу соның өзіне 300-350 мың теңге кетеді. Азық-түлік бағасы шарықтап өсіп жатқанын ескерсек, миллион теңгенің өзі жетпейді», — деп ағынан жарылды депутат. Мәжілісмен жалақысының көлемін де жасырмады. Айына «900 мыңнан сәл асатын» табыс табатынын айтып отыр.
«Маған жеке өзіме жетпейді. Сондықтан жұбайымнан да, бір жағынан қолғабыс болатындай жұмысқа шығуын өтіндім», — деді Бақытжан Базарбек.
Елімізде ең төменгі жалақы, несие, азық-түлік бағасы және көпбалалы отбасының күнкөрісі күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Бұған дейін «900 мың теңгені жеткізе алмай» жүрген депутат Базарбектің әріптесі елімізде ең төменгі жалақыны күрт көтеруге қарсы шыққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







