Алматы облысы, Іле ауданында «Оқитын ұрпақ – ойлы қоғам» атты аудандық форум өтті. «Оқуға құштар» жобасы аясында өткен шараға оқушылар мен ұстаздар, кітапхана мамандары, зиялы қауым өкілдері және еліміздегі балалар басылымдарының бас редакторлары қатысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
М.Түймебаев ауылындағы «Келешек» мектебінде өткен форумда оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, отбасылық кітап оқу дәстүрін дамыту және заманауи қоғамда кітаптың маңызын нығайту мәселелері талқыланды.
Шара барысында Абай атындағы ҚазҰПУ, Оразалы Досбосынов атындағы шығармашылық орталығының директоры Айтуған Жетебаев бүгінгі жастардың кітаптан алшақтап, телефон мен әлеуметтік желіге тәуелді болып бара жатқанын ерекше атап өтті:
«Қазір бала қолынан кітап емес, телефон көбірек көресіз. Бұл үлкен мәселе. Сондықтан «Оқуға құштар» жобасы арқылы жастарымыздың кітап оқуға деген қызығушылығын оятып, кітапты тұрақты түрде оқуға баулуымыз қажет», – деді ол.
Форумға арнайы шақырылған «Қазақ газеттері», «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен» және «Дружные ребята» басылымдарының бас редакторлары да оқушылармен жүздесіп, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың айтуынша, бала бойында кітап оқуға деген ынтаны мектеп жасынан қалыптастыру керек.
Форум аясында оқушылар көркем шығармалардан үзінді оқып, өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, жас оқырмандарға әдебиет әлемінің есігі айқара ашылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Оқуға құштар» жобасы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта аудандық деңгейден облыстық деңгейге көтеріліп, кейін республикалық көлемде жалғасын табады.
«Біз оқитын ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана ойлы қоғамға жете аламыз», – деді шара қатысушылары.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







