Алматыда «Etude-Ybyrai» құрылыс компаниясы мен журналист Вадим Борейко арасындағы дау бойынша сот процесі басталды. Компания журналисті беделіне нұқсан келтірді деп айыптап, тараған ақпаратты жоққа шығаруды және келтірілген зиянды өтеп беруді талап етуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құрылыс компаниясының сотқа жүгінуіне YouTube-тегі «ГИПЕРБОРЕЙ» каналы мен Instagram желісінде тараған материалдар себеп болған. Компанияның мәлімдеуінше, Вадим Борейко әлеуметтік желілер мен видеоларда «PREMIER» тұрғын үй кешенінің құрылысы заңсыз жүріп жатқанын, қажетті құжаттардың жоқ екенін айтқан. Құрылысшылар мұны толықтай жоққа шығарып отыр.
«Etude-Ybyrai» өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй кешені заң аясында салынып жатыр.
Құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаны туралы ресми хабарлама, оң сараптама қорытындылары мен қажетті барлық рұқсат құжаттары толық жинақталған.
Құрылыс компаниясы журналистің мәлімдемелері салдарынан көптеген сатып алушылар райынан қайтып, компанияға 71,75 миллион теңге көлемінде шығын келгенін алға тартады. Сондықтан, олар сот арқылы Вадим Борейко таратқан ақпаратты жалған деп тануды, ресми түрде жоққа шығаруды және келген шығынды өндіріп беруді талап етуде.
Іс Алматы қалалық сотында қаралып жатыр. Қос тараптың да айғақтары мен уәждері сот процесі барысында жан-жақты зерделенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







