Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған 22 жастағы қазақстандық Ернұр Алмаханның ісіне қатысты тың мәлімет шықты. Еліміздің Сыртқы істері үкім әлі заңды күшіне енбегенін, апелляциялық шағым берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, 18 наурызда Дубайдың бірінші сатыдағы соты Қазақстан азаматын қылмыстық іс бойынша кінәлі деп таныған. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру және ірі көлемде айыппұл жазасы тағайындалған.
«Құзырлы органдардан алынған ресми ақпаратқа сәйкес, 18 наурызда бірінші сатыдағы сот Қазақстан азаматын қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл жазасы тағайындалды», — деді Жетібаев.
Әмірлік тарапы ұсынған дерекке қарағанда, іс ауыр қылмыстармен байланысты.
Олардың қатарында адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу деректері аталған.
Сонымен бірге Сыртқы істер үкімнің әлі түпкілікті күшіне енбегенін нақтылады.
«Осы іс бойынша апелляциялық шағым берілді. Соған байланысты үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Сыртқы істер министрлігі мен елшілік жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр», — деді ведомство өкілі.
Қазақстан тарапы Ернұр Алмаханды елге беру мәселесі барлық сот рәсімі аяқталғаннан кейін ғана қаралуы мүмкін екенін айтты.
Ал Ернұрдың ет жақындары оның кінәсіз екенін айтып, араша сұрауда. Анасының сөзінше, ұлы 2024 жылдың қыркүйегінде жұмыс істеу үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне кеткен. Дубайда такси жүргізушісі болып еңбек еткен. Отбасы апелляциялық саты істі әділ қарайды деп үміттеніп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







