Қазақстанда мектеп бітіру кешін дүркіретіп атап өтуге шектеу қою мәселесі қоғамда дау тудырды. Осыған қатысты пікір білдірген депутат Асхат Аймағамбетов шектеудің арғы жағында әлеуметтік әділдік пен қауіпсіздік мәселесі тұрғанын жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Мектеппен қоштасу өмірдегі маңызды белес. Түлектер мен ата-аналардың толқуын толық түсінемін. Бәріміз осы жолдан, осы күйден өттік. Сән-салтанатқа толы кештердің де өз орны бар. Бірақ әр нәрсенің шегі мен өлшемі болуы керек», – деді Аймағамбетов.
Айтуынша, Ішкі істер мен Оқу-ағарту министрлігі қабылдаған шешімнің артында екі негізгі себеп жатыр: бірі әлеуметтік теңсіздік, екіншісі түлектердің қауіпсіздігі.
«Бізге келіп түсіп жатқан ата-аналардың шағымдары көп. Кей отбасыларда мектеп бітіру кешіне 300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша жиналады екен. Әлеуметтік жағдайы әртүрлі балалар мен ата-аналардың көңіліне осы жағы ауыр тиеді», – дейді депутат.
Аймағамбетов шектеулер мектептегі соңғы қоңырау, түлектер вальсі сияқты ресми шараларға мүлдем әсер етпейтінін ерекше атап өтті.
«Соңғы қоңырауды, түлектердің қоштасу кешін ешкім тоқтатпайды. Сол ерекше сәттер, тебіреніс пен толқу мектеп қабырғасында қалады. Бірақ дүркіретіп, қымбат мейрамханалар мен сәнді салтанат ұйымдастырудың қажеті жоқ», – деп түсіндірді ол.
Бұдан бөлек…
Аймағамбетов сондай-ақ ресми шектеулердің кері тұстары бар екенін де жоққа шығармайды. Оның пікірінше, ресми тыйымның салдарынан кейбір түлектер мен ата-аналар қонақүйлер мен коттедждерді жалға алып, бейресми түрде қауіпсіздік шараларынан тыс кештер өткізуі мүмкін.
Бұдан бөлек, депутат бастауыш мектеп пен балабақшалардағы қымбат кештер мен «мақтан жәрмеңкесіне» айналған салтанаттарға сын айтты.
«Балабақшадан бастап қымбат альбомдарға ондаған мың теңге жұмсап, сол үшін ата-аналарды шығынға батыру дұрыс емес. Смартфонға түскен бір-екі суретті өңдеп жіберсең, дайын альбом шығады. Осыны түсінбеймін, мәнсіз шығынды тоқтату керек», – деп түйіндеді ол.
Депутаттың пікірінше, мектептегі қоштасу кештерінің форматы мен тәртібіне қатысты түпкілікті шешімді Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі қабылдауы тиіс.
Бұған дейін Алматыда 11-сынып оқушысының анасы президент Тоқаевқа үндеу жолдап, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар комитетінің былығын жайып салған. Шағым авторының айтуынша, әр түлектен мектеп бітіру кешіне 200-300 мың теңге көлемінде ақша жинау қалыпты жағдайға айналған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







