Депутат Бақытжан Базарбек Ұлттық экономика министрлігі енгізген жаңа Салық кодексін сын садағына алды. Айтуынша өзгерістер қосылған құн салығын (ҚҚС) әділетсіз түрде қайта бөліп, салықтан босамауы компанияларды жеңілдікпен қамтыған. Сорақысы, салықтық жүктеме басқа кәсіпкерлерге артылған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дәлел ретінде Базарбек әуе билетінің бағасын мысалға келтірді.
«Жаңа норма бойынша сіздер ҚҚС төлеуі тиіс компанияларды тайраңдатып, керісінше, салықтан босатылуы тиіс компанияларға салмақ салдыңыздар. Мысалға, әуе жанармайын ҚҚС-тан босаттыңыздар. Ойбай, әуе билеті су тегін болады деп уәде бердіңіздер. Арзандаған билет қайда? Керісінше, қаңтардан бері бағасы шарықтап, қымбаттап шыға келді», – деп ашынды Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ депутат министрлік өкілдерін жұмыс тобында берілген сөзінен тайып, мерзімді орындамады деп айыптады.
«Салық кодексі? Жұмыс тобында сіздер жарты жыл ішінде толық талдау жасап, мамыр-маусым айында нәтиже мен мүмкін болатын түзетулерді ұсынуға уәде бердіңіздер. Міне, мамыр келді. Маусым басталайын деп жатыр, сіздерде ешқандай талдау да, түзету де жоқ. Енді сіздер тағы бір жыл сұрап отырсыздар. Сөзіңіз бен ісіңіз мүлдем қабыспайды», – деді депутат.
Ұлттық экономика министрлігі өз кезегінде толық талдау бірінші жартыжылдық қорытындысынан кейін дайындалатынын, ал түзетулер пакетін күзде ұсынатынын хабарлады.
Айта кетелік, бұған дейін мәжілісмен Ішкі істер министрлігінде толық тазалау жүргізуді талап еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







