ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде құрылыс саласындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесіне арналған кеңес өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға мемлекеттік органдардың, кәсіподақ орталығының өкілдері және елордадағы ірі құрылыс компаниялары қатысты. Кеңесте құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, еңбек қатынасын заңды рәсімдеу, жұмысшыларды міндетті сақтандыру және бас мердігерлердің қосалқы мердігерлерге бақылауын күшейту мәселесі қаралды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев құрылыс алаңдарында қауіпсіздікке формалды қарауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, құрылыс маусымы қызған кезде әр нысанда еңбек қауіпсіздігіне жеке бақылау қажет.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Астанадағы құрылыс саласында өндірістік жарақаттану деңгейінің өсуіне назар аударып, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырған еді. Министрлік осы тапсырма аясында құрылыс компанияларына жауапкершілікті күшейту қажеттігін ескертті.
«Жұмысшылардың қауіпсіздігіне үнемдеуге болмайды. Касканың, қауіпсіздік белбеуінің, нұсқаманың немесе еңбек шартының болмауы – жай формалдылық емес, адам өміріне төнетін тікелей қауіп әрі қатаң жауапкершілікке негіз. Әрбір статистиканың артында адам тағдыры, отбасының қайғысы мен орны толмас шығын тұр», деді Ербол Тұяқбаев.
Кеңесте еңбек қатынасын азаматтық-құқықтық шарттармен алмастыруға жол бермеу мәселесі де көтерілді. Жұмыс берушілер қызметкерлер туралы деректерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне уақытылы енгізуі тиіс. Бұл талап бұзылса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Министрлік өндірістік жарақаттанудың барлық дерегі мемлекеттің ерекше бақылауында екенін мәлімдеді. Еңбек қауіпсіздігі талаптары бұзылса, салдарына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік туындайды.
Сонымен қатар жүйелі заңбұзушылық анықталған жағдайда шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттарды кері қайтарып алу, құрылыс қызметіне берілген лицензияны тоқтату немесе қайтарып алу мәселесі қаралуы мүмкін.
Жиын қорытындысында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен аумақтық департаменттерге құрылыс нысандарындағы бақылауды күшейту, профилактикалық жұмысты жандандыру және тұрақты көшпелі мониторинг ұйымдастыру тапсырылды.
Кеңеске BI Group, Bazis-A, Damu Development, Qazaq Stroy, Sensata Construction, NAK, Tumar Group, Orda Construction секілді ірі құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.
Елордада құрылыс қарқыны жоғары. Бірақ биік үйлер мен жаңа нысандардың артында ең алдымен адам еңбегі тұр. Сондықтан қауіпсіздік талабы қағаздағы ереже емес, әр жұмысшының амандығын қорғайтын нақты міндет болуы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







