Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап салық берешегі ірі компания басшылары мен жеке кәсіпкерлерге қатысты жаңа шектеу күшіне енеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салық консультанты Айдар Масатбаевтың айтуынша, жаңа Салық кодексінің 189-бабына сәйкес, фискалдық органдар бюджет алдында ірі қарызы бар заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, олардың орынбасарларына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын адамдарға шетелге шығуға уақытша шектеу қою құқығын алады.
Алайда қарыз пайда болған бойда адам бірден шекарадан өткізілмейді деген сөз емес. Мұндай шектеу қолданылуы үшін бірнеше шарт қатар орындалуы керек. Біріншіден, компанияның салық берешегі 27 мың АЕК-тен асуы тиіс.
2026 жылғы есеппен бұл 99 млн теңгеден жоғары сома. Екіншіден, қарыз үш айдан астам уақыт төленбеуі керек. Үшіншіден, бұған дейін шоттарды бұғаттау, мүлікке тыйым салу секілді стандартты шаралар қолданылып, нәтиже бермеуі қажет.
Шетелге шығуға тыйым салық органының бір шешімімен автоматты түрде іске қосылмайды. Мұндай қаулыны міндетті түрде сот санкциялауы тиіс. Судьяға материалдарды қарауға 3 жұмыс күні беріледі. Заңда дәл осы шектеу туралы алдын ала арнайы хабарлама жіберу көзделмеген. Бірақ ол кезеңге дейін кәсіпкер компания шоттарының бұғатталуы арқылы мәселенің бар екенін білуі мүмкін.
Айдар Масатбаевтың пікірінше, жаңа норманың басты ерекшелігі – мемлекет салық қысымын компания активтерінен нақты басшының жеке құқықтарына қарай ауыстырып отыр. Бұрын салық әкімшілендіруі негізінен фирманың шотына, мүлкіне және активіне әсер ететін. Енді қарыз компанияда қалса да, салдары нақты директорға тиюі мүмкін.
Бұл норма қарапайым азаматтарға қолданылмайды. Яғни компания басшысы немесе жеке кәсіпкер емес адамдар үшін бұрынғы жеке қарыздар бойынша шетелге шығуды шектеу тәртібі сақталады.
Сарапшы негізгі тәуекел ретінде салық органдарының ақпараттық жүйелеріндегі техникалық ақауларды атайды. Егер бұрын мұндай қате компания шотын бұғаттаумен шектелсе, енді директор мәселе барын әуежайда білуі мүмкін. Бұл халықаралық келісімшарттың бұзылуына, іссапардың немесе жеке сапардың тоқтауына әкелуі ықтимал.
Заң бойынша берешек төленгеннен кейін шектеу бір жұмыс күні ішінде алынуы керек. Бірақ іс жүзінде бұл рәсім ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі шектеуді алып тастау да сот санкциясы мен мәліметтің Шекара қызметіне жеткізілуіне байланысты.
Жаңа тәртіп бизнеске салық міндеттемесін дер кезінде орындау қажеттігін күшейтеді. Алайда жүйе әділ жұмыс істеуі үшін фискалдық деректердің дәлдігі, сот бақылауы және шектеуді жедел алып тастау тетігі нақты әрі кідіріссіз орындалуы қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







