Қазақстанда жеке көлікті күтіп ұстау шығыны бір жылда 16,6 пайызға қымбаттады. Автокөлік жөндеу және техникалық қызмет көрсету қазақстандықтар үшін барған сайын қымбаттап барады. Бұған дейін де көлік жөндеу бағасы өсіп келгенімен, жүргізушілер кейінгі жылдағы қымбатшылықтың қарқыны қатты сезілгенін айтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тек жөндеу ғана емес, оған ілеспе қызметтер де қымбаттаған. Техникалық байқау, автотұрақ жалдау, жүргізу сабақтары және мемлекеттік баж салығы бойынша баға орта есеппен 28 пайызға өскен.
Көлік иелері май ауыстырудың өзі бұрынғыдан қымбаттап кеткенін айтады. Бірі танысының былтыр қозғалтқышты күрделі жөндеуге 320 мың теңге жұмсағанын айтса, енді бірі әр май ауыстырған сайын баға бірнеше мың теңгеге өсіп отырғанын жеткізген.
Ал ескі көлік мінетін кей жүргізушілер айтарлықтай айырмашылық сезбегенін айтады. Бірақ жалпы нарықтағы баға өсімі статистикадан анық көрінеді.
Ұлттық статистика бюросының есебінше, жеке көлікті пайдалану шығыны ел бойынша 16,6 пайызға артқан. Ең жоғары өсім Павлодар, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында тіркелді.
Қызмет пен қосалқы бөлшек бағасы өсті
Автосервис шеберлері бағаны амалсыз көтеріп жатқанын айтады. Коммуналдық төлем, жалға алу ақысы, салық, қосалқы бөлшек пен шығын материалдарының бағасы өскен. Автомеханик Иван Корпунцовтың айтуынша, былтыр 1,5 мың теңге тұрған техникалық сұйықтық биыл 2 мың теңгеге дейін қымбаттаған. Жеткізу құнының өсуі де бағаға әсер етіп отыр.
Сарапшылар көлік иелері төлеуге дайын болған сайын, нарықтағы баға да өсе беретінін айтады. Бұған қосылған құн салығының өсуі және елге жаңа көліктердің көп әкелінуі де ықпал еткен. Жаңа көліктердің біразы кепілдікте болғандықтан, оларды қарапайым гаражда емес, ресми сервисте жөндетуге тура келеді. Ал ресми қызметтің құны әдетте жоғары.
«За рулём» журналының Қазақстандағы бас редакторы Алексей Алексеевтің айтуынша, бұрын көлікті шартты түрде «Қайрат ағайдың гаражына» апарып жөндетуге болатын. Қазір жаңа көлік кепілдікте болғандықтан, иесі ресми сервиске баруға мәжбүр. Сонымен қатар көлікті елге әкеліп, кейін өздері қызмет көрсететін сұр дилерлердің де бағасы өсіп келеді.
Қазақстанда автозауыттар салынып жатқанымен, күрделі қосалқы бөлшектер мен автомай өндірісі әзірге жолға қойылмаған. Кей кәсіпорындар пластик бөлшек, магнитофон немесе орындық сияқты қарапайым өнім шығаруы мүмкін. Бірақ қозғалтқыш, күрделі агрегат, электроника және сапалы май секілді негізгі шығын материалдары көбіне сырттан келеді.
Сондықтан автокөлікке қызмет көрсету бағасының тез арада арзандауы екіталай. Қосалқы бөлшек импорты, жеткізу құны, салық, жалға алу ақысы және ресми сервистің қымбаттауы көлік ұстауды бұрынғыдан ауырлатып отыр. Енді жүргізушілер үшін көлік сатып алу ғана емес, оны жыл сайын күтіп ұстау да үлкен есепке айналды.
Көп жүргізуші кондиционер қосылса, қозғалтқышқа күш түсіп, көлік көбірек отын жағады деп ойлайды. Бірақ «кондиционерді қоспау әрқашан тиімді» деген қорытынды жасау орынсыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







