ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке көмекші қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа бастама мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау жүйесін икемді, ашық әрі заманауи форматқа көшіруге бағытталған. Негізгі мақсат артық бюрократиялық рәсімді азайтып, қызмет алушы мен жеке көмекші арасындағы байланысты цифрлық жүйе арқылы реттеу.
Жобадағы басты өзгерістің бірі жеке көмекші қызметін азаматтық-құқықтық қатынас ретінде нақты бекіту. Яғни аталған қызмет еңбек қатынастары санатына жатпайды. Соның нәтижесінде жеке көмекші мен қызмет алушы үшін артық қағазбастылық қысқарады. Жұмыс уақытын есептейтін табель жүргізу немесе өмірлік жағдайға үнемі сәйкес келе бермейтін қатаң кестеге байлану қажеттілігі жойылады.
Жаңартылған тәртіп бойынша қызмет Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар азаматтың нақты өтінімі негізінде көрсетіледі. Мұндай тәсіл көмекті адамның шынайы қажеттілігіне қарай ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, сүйемелдеу медициналық ұйымға, мемлекеттік мекемеге немесе басқа да инфрақұрылым нысанына бару қажет болған жағдайда ұсынылады.
Төлем де нақты орындалған өтінім бойынша жүргізіледі. Бұл көрсетілген қызмет көлеміне сай әділ ақы төлеуге жол ашады. Ал қызметтің орындалуын алушының ақпараттық жүйе арқылы өзі растауы бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Министрлік еліміз бойынша бірыңғай стандарт қалыптастыру үшін үлгілік шарт нысанын енгізуді ұсынып отыр. Онда тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетіледі. Мұндай шешім жеке көмекшілердің де, қызмет алушылардың да мүддесін қорғауға тиіс.
Цифрлық есепке көшу әкімшілік кедергілерді азайтып қана қоймай, әр өңірдегі нақты сұранысты көруге мүмкіндік береді. Жалпы өзгерістер мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттырып, қызмет алу тәртібін жылдам әрі ыңғайлы етуге бағытталған.
Жоба бойынша толық ақпарат «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Азаматтар құжатпен танысып, өз ұсынысы мен пікірін қалдыра алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







