Қазақстанда өткізіп алған қоңыраудан кейін автоматты түрде қайта-қайта хабарласатын автодозвон қызметіне тыйым салынбақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында хабарлады. Бұған дейін, 13 мамырда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат абоненттерді мазалайтын автодозвон мәселесін көтерген еді. Сол кезде Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл функция қайта қаралуы мүмкін екенін айтқан.
22 мамырда байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына автодозвонға тыйым салатын түзетулер енгізілетіні белгілі болды.
Вице-министр Досжан Мусалиевтің айтуынша, жобаға сәйкес, абоненттер өткізіп алған қоңыраулар туралы хабарламаны тек қысқа мәтіндік SMS арқылы алады. Сонымен қатар мұндай SMS пен өткізіп алған қоңырау туралы хабарлама тек белгілі бір жағдайларда ғана қолданылмақ.

Бұдан бөлек, рұқсатсыз трафик генерациялауға тыйым салатын арнайы түзетулер де қарастырылып жатыр. Яғни байланыс операторлары абонентке қажетсіз автоматты қоңырау жасап, телефонды мазалай бермеуі тиіс.
Қазір Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қаулы жобасын Әділет министрлігінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып пысықтап жатыр.
Жаңа ереже қабылданса, қазақстандықтарға өткізіп алған қоңырау үшін қайта-қайта автоматты қоңырау келмей, оның орнына қысқа хабарлама ғана жіберіледі. Бұл абоненттер үшін байланыс қызметін ыңғайлы әрі мазасыз форматқа көшіруге бағытталған шешім болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







