Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Құрылтай – мемлекеттік институт тұғыры» атты конференция өтіп, «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғылыми жиын университетте бастау алған «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» педагогикалық идеялар фестивалі аясында өтті. Іс-шара Ұлы Дала өркениетіндегі құрылтай институтын, оның тарихи сабақтастығын және қазіргі Қазақстандағы саяси жаңғыру үдерісімен байланысын ғылыми тұрғыда талқылауға арналды.
«Құрылтай феномені» еңбегінің бастамашысы әрі авторы – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Директорлар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаев. Автор шығыстанушы, түрколог-лингвист ғалым Зәріпбай Оразбаймен бірлесіп, ортағасырлық деректерді жүйелеп, құрылтай дәстүрінің тарихи негізін кеңінен талдаған.
Омархан Өксікбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси реформалар аясында ұлттық мемлекеттілік дәстүрін жаңаша пайымдау ерекше маңызға ие. Президент бастамасымен қайта жанданған Ұлттық құрылтай институты тарихи жады мен қазіргі мемлекеттік басқару арасындағы сабақтастықты көрсетеді.
«Кітапта Президент бастамасымен қайта жанданған Құрылтай феномені тарихи әрі ғылыми негізде сараланды. «Құрылтай» ұғымының этимологиялық және мазмұндық мәнін терең ашып көрсету, сондай-ақ оның Ұлы Даладағы мемлекеттік басқару дәстүрімен тарихи сабақтастығын ғылыми тұрғыдан зерделеу – ұлттық тарихи сананы нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі», деді Омархан Өксікбаев.

Еңбектің басты ерекшелігі – кітап мазмұны қазақ тіліне алғаш рет аударылған онға жуық ортағасырлық қолжазба негізінде дайындалған. Бұл деректер құрылтай ұғымының тек саяси жиын атауы ғана емес, көшпелі өркениеттегі кеңес, келісім, елдік шешім қабылдау мәдениетімен тығыз байланысты институт болғанын көрсетеді.
Шығыстанушы ғалым Зәріпбай Оразбай жинақталған тың деректер мен ғылыми зерттеулер ұлттық мемлекеттілік тарихын терең түсінуге жол ашатынын айтты. Оның пікірінше, жаңа еңбек тарихи жадты жаңғыртып, ұлттық сананы нығайтуға қызмет етеді.
Тоқаев реформалары және Құрылтай дәстүрі
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы «Құрылтай феномені» кітабын Ұлы Дала өркениетіндегі құрылтай институтын жан-жақты зерделеуге арналған мазмұнды ғылыми еңбек деп бағалады. Оның айтуынша, мемлекетіміздің қалыптасу тарихын жаңа көзқараспен саралау жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен патриоттық сезімді күшейтеді.
Конференцияны университеттің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтына қарасты «Ұлы Дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар қатысты.
Жиынға Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ясин Ұзақов, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Асылы Осман, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы арнайы қатысты. Қатысушылар құрылтай ұғымының тарихи, саяси және рухани мәні жөнінде пікір алмасып, университеттің профессор-оқытушылар құрамымен тәжірибе бөлісті.
Ғалымдар үшін бұл еңбек ұлттық мемлекеттілік дәстүрін ғылыми тілмен сөйлететін маңызды зерттеу ретінде бағаланып отыр. Құрылтай – қазақ үшін жай тарихи атау емес, ел тағдырын кеңесіп шешу, ортақ мүддені биік қою және билік пен халық арасындағы байланысты сақтаудың көне үлгісі. Осы тұрғыдан алғанда, «Құрылтай феномені» кітабы өткенді тануға ғана емес, қазіргі қоғамдық сананы тереңдетуге де қызмет ететін еңбек болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







