Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Панфилов ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарларын талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде өткен жылдың қорытындысы бойынша Панфилов ауданы облыс көлемінде бірінші орынға шыққаны айтылды. Ауданның негізгі көрсеткіштері ауыл шаруашылығы, туризм, тұрғын үй, ауыз су және газдандыру бағыттарында оң нәтиже көрсетіп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл егіс алқабы 43,7 мың гектарға жетпек. Негізгі басымдық жүгері дақылына беріліп отыр. Жоспар бойынша 190 мың тонна өнім алу көзделген. Бау-бақша бағытында да ілгерілеу бар. «Жаркент фрукт» пен «Агромир» 110 мың жаңа көшет отырғызды. Бұған қоса, бұрын тоқтап тұрған жылыжайлар қайта іске қосылып, қияр егу жұмысы қолға алынды.
Туризм саласында да қозғалыс байқалады. Аудандағы 25 туристік нысанға келушілер саны артқан. Жаркентте 4 және 5 жұлдызды жаңа қонақүйлер ашылып, «Жаркент-Арасан» шипажайы жаңа ғимаратты іске қосты. Мұндай жобалар ауданның туристік тартымдылығын күшейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етіп отыр.
Тұрғын үй мәселесі бойынша да нақты шешімдер қабылданған. Жаркент пен Нұркенттегі 60 пәтерлі жаңа үйлердің мәселесі реттеліп, баспана «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Сонымен қатар әлеуметтік осал топ санатында кезекте тұрған тұрғындар үшін 424 баспана сатып алуға қаржы бөлінді.
Ауыз су бағытында Шолақай және Керімағаш ауылдарындағы су жүйелерін жаңарту аяқталды. Нәтижесінде 6 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтылады. Ал Сарыбел ауылының су мәселесін 2026-2027 жылдары шешу жоспарланған.
Газдандыру жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Жаркент қаласы 90 пайызға көгілдір отынмен қамтылған. 2027 жылдың соңына дейін қала толық газдандырылады. Биыл тағы 19 ауылды газдандыруға қаржы бөлініп, 61 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізбек.
Кездесу барысында тұрғындар көтерген бірқатар мәселе де назарға алынды. Үлкеншыған ауылында 400 орындық мәдениет үйін салу, Ынтымақ ауылына баратын жолды жөндеу және Жаркенттегі көпқабатты үйлерді заманауи блокты-модульді қазандықтарға қосу мәселелері кезең-кезеңімен шешілетін болды.
Бейбіт Исабаев халықтың әл-ауқатын жақсарту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету ортақ міндет екенін атап өтті. Панфилов ауданындағы қазіргі көрсеткіштер өңірде ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды қатар дамытуға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







