Түркістанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп, сала мамандары марапатталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, мәдениет және өнер саласының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол мәдениет ел руханиятының өзегі екенін айтып, өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ертай Алтаевтың айтуынша, Түркістанда жуырда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өтті. Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың абыроймен ұйымдастырылуына мәдениет саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі зор.
«Елдің абыройын көтеретін игілікті істердің барлығы – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі деп сеніммен айта аламын. Өңірде көптеген мәдениет ошақтары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Түркістан қаласынан бөлек, облыстың басқа аймақтарында да мәдениет саласында оң өзгерістер байқалады», деді облыс әкімінің орынбасары.
Өткен жылы Түркістан облысының аудан-қалаларында 6 мәдениет үйі пайдалануға берілген. Биыл тағы 10 мәдениет ошағының құрылысы жүріп жатыр. Облыстық мәдениет мекемелері республикалық және халықаралық байқауларда өңір намысын қорғап, жүлделі орындардан көрініп келеді.
Өнерге құрмет, руханиятқа қолдау
Театрларда жаңа қойылымдар сахналанып, концерттік ұйымдар мазмұнды кештер өткізіп жүр. Сонымен қатар өнер ұжымдарының алыс-жақын шетелге гастрольдік сапарлары да жалғасуда. Биыл «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» ансамблі Еуропада өнер көрсетіп, қазақ өнерін халықаралық сахнада танытты.

Мерекелік шара барысында өңір мәдениетінің дамуына үлес қосқан сала мамандарына «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар бірқатар мәдениет және өнер қызметкері Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Жиында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева да сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, Алғыс хаттар тапсырды.
Кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Музейлер шеруі» байқауының қорытындысы да осы күні жарияланды. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Ерназаров байқау жеңімпаздарын марапаттап, жүлдегерлерге автокөлік пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Мерекелік кеште жиналған қауым «Мәдениеттің көрінбес қырлары» атты арнайы промо-роликті тамашалады. «Алтын тамыр» би ансамблі «Өнер» хореографиялық қойылымын сахналап, кештің сәнін арттырды. Сондай-ақ танымал әншілер Маржан Арапбаева мен Гүлнұр Оразымбетова ән шырқап, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Қазір Түркістан облыс орталығы ретінде жаңару мен дамудың жаңа кезеңіне көтеріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістанға өткен жылы ерекше мәртебе берілді. Ал биыл облыстың құрылғанына 8 жыл толып отыр.
Өңірде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен мәдениет пен руханият саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Түркі әлемінің рухани бағдарына айналған шаһарда алдағы уақытта да мәдениетті өркендетуге арналған жобалар мен іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







