Астана, Шымкент және Қазақстанның 16 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерде жел күшейіп, тұман түседі, ал жекелеген облыстарда түнгі үсік күтіледі. Сонымен қатар бірнеше аймақта өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады.
Астанада күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Шымкентте де күндіз жауын-шашын мен найзағай болжанып отыр.
Абай облысында түнде ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеп, үсік жүруі ықтимал. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Шығыс Қазақстан облысында түнде жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі, -2 градусқа дейін үсік күтіледі.
Ақмола облысында қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай және секундына 15–20 метрге дейін жел болжанды. Көкшетауда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Жетісу облысында Алакөл көлдері ауданында жел екпіні 15–20 м/с дейін жетуі мүмкін. Талдықорғанда өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Жамбыл облысында күндіз жаңбыр, найзағай, тұман және қатты жел күтіледі.
Қызылорда облысында шаңды дауыл тұрып, жел екпіні 15–20 м/с дейін күшеюі мүмкін. Қызылорда қаласында төтенше өрт қаупі сақталады. Маңғыстау облысында жаңбыр мен найзағай болжанса, Ақтауда күндіз өткінші жауын болуы ықтимал.
Қарағанды облысында түнде және таңертең тұман түседі. Қарағанды қаласында төтенше өрт қаупі сақталады. Павлодар облысында түнде -1 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында аздаған жаңбыр, найзағай, түнде және таңертең тұман күтіледі. Жел екпіні 15–20 м/с дейін жетуі мүмкін. Петропавлда күндіз жел күшейеді.
Түркістан облысында қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай және қатты жел болжанып отыр. Облыстың солтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау және Алматы облыстарында да жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады. Мамандар тұрғындарға ауа райы ескертуіне мән беріп, далада от жақпауға, жел күшейген кезде сақ болуға және жолға шығар алдында жағдайды алдын ала тексеруге кеңес береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







