Атырауда Мұқанғалиевтер отбасы мүшелерін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сотта тың деректер айтылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті қылмыстан кейін марқұмдардың мүлкін иемденіп, сол қаражатқа шетелге кеткен. Іс материалдарында 2025 жылғы желтоқсанда Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның Өзбекстан арқылы Индонезияға ұшқаны көрсетілген.
Тергеу дерегі бойынша, 2025 жылғы 9 желтоқсанда олар «Қапланбек» өткізу бекеті арқылы Өзбекстанға өтіп, кейін Ташкент – Куала-Лумпур – Бали бағытымен Индонезияға барған. Күдіктілер Бали аралында екі айдан астам уақыт жасырынғаны айтылды.
2026 жылғы 24 ақпанда Индонезияның көші-қон қызметі визалық режимді бұзғаны үшін екеуін ұстаған. Кейін олар Қазақстанға депортацияланды.
Тергеу барысында Сәрсемәлиевтің көрсетуімен Мұнайшы ықшамауданындағы үй ауласынан екі адамның жерленген мәйіті табылған. Сонымен қатар жоғалған отбасының балалары біраз уақыт Сәрсемәлиевтің анасының қарауында болғаны анықталды.
Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиев төрт адамды өлтірді деп айыпталып отыр. Сотта ол кінәсін толық мойындағаны және тіпті өлім жазасына да дайын екенін айтқаны хабарланды.
Қылмыстық іс бойынша түпкілікті құқықтық бағаны сот береді. Заң бойынша айыпталушының кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана толық дәлелденген болып саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







