Ақтөбеде құны 100 млн АҚШ долларын құрайтын Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс өнеркәсібі зауытының құрылысы басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағында өткен салтанатты рәсімде жаңа өндірістік жобаның іргетасы қаланды. Жоба Ақтөбе облысы әкімдігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен, қытайлық Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group инвестициясы және «Phoenix Industrial Group» ЖШС серіктестігі аясында жүзеге асырылады.
Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов, Қытайдың Ақтөбедегі бас консулы Го Юй, Jin Yi Yuan Fang Holding Group бас кеңесшісі Фэнг Сонг, Guda Wire and Cable компаниясының атқарушы президенті Ли Хаодие, мемлекеттік орган, бизнес қауымдастық және халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Жаңа кәсіпорын жылына 25 мың тонна тазартылған мыс катанкасын өндіруге арналған. Зауыт еліміздің өңірлерінен жиналатын мыс сынығын терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталады. Жоба іске қосылған соң Ақтөбе мыс өнеркәсібінің өңірлік хабтарының біріне айналуы мүмкін.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов жоба өңір экономикасы үшін маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай аумағында жалпы көлемі 858 гектарды құрайтын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы құрылған.
«Жоба жыл басында Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында жүргізілген келіссөздердің нақты нәтижесі әрі арнайы экономикалық аймақта іске асырылатын алғашқы зауыт. Ол өңір экономикасының жаңа өсу нүктесіне айналып, жұмыс орындарын ашуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін береді», деді Абзал Әбдікәрімов.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың айтуынша, Қазақстанға Қытай тарапынан салынған инвестиция көлемі 25 млрд долларға жеткен. Қазір елімізде қытайлық капитал қатысатын шамамен 250 инвестициялық жоба іске асырудың әртүрлі кезеңінде тұр. Орталық Азияға келетін қытайлық инвестицияның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Өңдеу өнеркәсібіне серпін
Кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Зауытта 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Өндірілетін негізгі өнім – мыс катанкасы мен кабельдік бұйымдар. Дайын өнім ішкі нарыққа ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропа Одағы елдеріне де экспортталмақ.
Зауытты «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағына орналастыру инвесторға жеңілдетілген салықтық және кедендік режимді, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Шикізат ретінде мыс сынығын пайдалану жасыл металлургия қағидаттарына сай келеді және саланың көміртек ізін азайтуға ықпал етеді.
Жоба Қазақстанның индустрияландыру және экономиканы әртараптандыру саясатына сәйкес келеді. Ол өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттырып, экспорттық әлеуетті күшейтуге, Ақтөбе облысының өнеркәсіп секторына қосымша тікелей шетелдік инвестиция тартуға және жоғары қосылған құны бар жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







