Энергетика министрлігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету жұмысын жалғастырып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жеткізілім бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде және министрліктің тұрақты бақылауында. Жыл басында Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері егіс науқанына арналған 402 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін бекіткен болатын. Отын 1 ақпан мен 30 маусым аралығында жеткізіледі.
Энергетика министрлігі ұсынған дизель отынының бағасы өңірлердегі жеткізу станциясына дейін ҚҚС-пен бірге литріне 263 теңге болып белгіленген. Соңғы бағаны өңірлік операторлар айқындайды. Ол литріне 281 теңгеге дейін болуы мүмкін. Бұл орташа бөлшек сауда бағасынан 49 теңгеге немесе 15 пайызға төмен.
Шаруаларға арналған дизельдің әділ бөлінуі және мақсатты пайдаланылуы үшін қосымша бақылау тетіктері енгізілген. Атап айтқанда, жеке ПИН-кодтар белгіленіп, отынды сары, көк және қызыл түстерге бояу жүйесі қолданылып отыр. Сонымен қатар электрондық шот-фактуралар жүйесінде дизель отынына арналған жеке виртуалды қойма құрылған.
Министрлік мәліметінше, осы шаралар дизель отынын мақсатсыз пайдалану көлемін азайтуға мүмкіндік берді. Нақты тұтыну көлемі 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін төмендеп, 21 пайызға қысқарған.
Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын үздіксіз жеткізу мәселесі тұрақты назарда екенін хабарлады. Егіс науқаны кезінде жанармайдың уақытылы берілуі ауыл шаруашылығы жұмыстарының кідіріссіз жүруі үшін маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







