Қазақстанда мектеп мұғалімдеріне кей жағдайда репетиторлықпен айналысуға шектеу салынуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифингте репетиторлық қызмет нарығын реттеуге қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатқанын айтты. Министрлік «Білім туралы» заңға түзетулер енгізуді бастаған.
Журналистер министрден оқушылар репетитордың көмегінсіз жоғары балл жинай ала ма деп сұрады. Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, тек мектептегі білім базасына сүйеніп, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген талапкерлер бар.
Министр репетиторлық орталықтардың қызметі, олардың салық төлеуі, балалар мен ата-аналар алдындағы жауапкершілігі заң жүзінде нақты реттелуі керек екенін атап өтті.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – мұғалімнің өзі мектепте сабақ беретін оқушыға қосымша ақылы репетиторлық жүргізуіне қатысты. Министрлік мұндай тәжірибеге тыйым салуды жоспарлап отыр.
«Егер мұғалім өзі сабақ беретін оқушыны қосымша ақылы оқытса, біз мұны шектеуді көздеп отырмыз», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Мұндай бастама мектептегі білім сапасы мен ақылы қосымша сабақ арасындағы шекараны нақтылау үшін қажет. Себебі бір мұғалімнің өз оқушысын мектепте оқытып, кейін сол балаға ақылы репетитор болуы мүдделер қайшылығын туындатуы мүмкін.
Бірыңғай ұлттық тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, әзірге қазақстандық талапкерлер арасында ең жоғары балл жинағандар тіркелмеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







