Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионының құрылысы толық аяқталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тарихы 1936 жылдан басталатын аңызға айналған спорт нысаны қайта жаңғырып, заманауи келбетке ие болды. Құрылыс жұмысы аяқталған стадионды ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен қала басшылығы аралап көрді.
Стадион Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынды. Бас прокуратура заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сол қаражаттың ел игілігіне бағытталып, балалар мен жасөспірімдер спортына қызмет ететін нысанға айналуы маңызды қадам.
Спорт нысанының жалпы ауданы 18 951 шаршы метрді құрайды. Стадион UEFA-ның 2-санатына сай келеді және 3 600 көрерменге арналған. Мұнда UEFA мен Қазақстан футбол федерациясының стандарттарына сәйкес заманауи спорт жабдықтары мен жасанды жабын орнатылған.
Нысанда көрермендерге арналған трибуналар, конференц-зал, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық кабинеттер, әкімшілік блок, техникалық аймақтар және VIP-ложалар қарастырылған. Яғни стадион тек жаттығу өтетін алаң ғана емес, қалалық және республикалық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға лайық толыққанды спорт кешені ретінде дайындалды.

Стадионда жаттығып жүрген балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен де кездесу өтті. Жаңа алаң жас футболшылардың кәсіби ортада шыңдалып, үлкен спортқа сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі мақсаты елорданың спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты қолдау және жасөспірімдер футболына сапалы жағдай жасау. Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру бойынша заңдық және ұйымдастырушылық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта стадион Астана қаласы әкімдігінің «№8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ теңгеріміне беріледі.
Стадионның толық ашылуы 4 маусымға жоспарланған. Ашылу 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында өтетін Қазақстан Республикасының жыл сайынғы футбол чемпионаты аясында ұйымдастырылады.
Турнирге еліміздің әр өңірінен балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық резерв мектептері және футболшылар даярлау орталықтары атынан 15 мықты команда қатысады.
Қажымұқан атындағы стадионның жаңаруы елорда спорты үшін ғана емес, жас буынның арманы үшін де маңызды. Мұнда ертең ел намысын қорғайтын жаңа футболшылар тәрбиеленуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







