Қазақстанда жаңа Admission Insight Test, яғни AIT тестін әзірлеу кезінде жасанды интеллект қолданылмақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа тест тек мектептегі пәндік білімді тексерумен шектелмейді. Ол талапкердің сыни ойлау қабілетін, цифрлық сауатын, көшбасшылық қасиетін және басқа да маңызды дағдыларын бағалауға бағытталады.
Министрдің сөзінше, тест сұрақтарын құрастыруда да, жауаптарды талдауда да жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылады. Қазіргі технологиялар бағалау жүйесінде үлкен серпіліс жасап отыр. ЖИ адамның білімін ғана емес, ойлау логикасын, эмоционалдық интеллектін, құндылықтарын, адалдыққа және жауапкершілікке қатысты ұстанымдарын да саралауға мүмкіндік бере бастады.
– ЖИ, шынында да, қолданылады. Қазір алгоритмдер бағалау жүйесінде өте үлкен серпіліс жасады. Мен өз көзіммен таңғаларлық дүниелерді көрдім. Онда тек білім ғана емес, эмоционалдық интеллект, антикоррупциялық құндылықтар, адалдық, идеалдар мен сенімдер де бағаланады. Халықаралық академиялық қауымдастық осы бағытты өте терең зерттеп жатыр. Ең соңғы әзірлемелерді біз де қолданамыз, – деді Саясат Нұрбек Үкіметтегі брифингте.
Қазір Қазақстанға АҚШ-тың Принстон қаласынан екі делегация келіп, тест әзірлеу жұмысына қатысып жатыр. Олар еліміздің 4 мыңнан астам үздік педагогімен бірлесіп жұмыс істеуде.
Министрдің айтуынша, қазір далалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ең маңыздысы – жаңа тест Қазақстанның өз өнімі болады. Ол франшиза немесе дайын лицензиялық жүйе ретінде алынбайды. Яғни AIT Қазақстанда әзірленіп, елдің зияткерлік меншігі ретінде қалады.
«Болашақ» бағдарламасы аясында қазақстандық тестологтар Принстонда арнайы оқудан өтеді. Нәтижесінде елімізде тестологияның өз мектебі қалыптаспақ.
Бұған дейін Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматын әзірлеуге шамамен 3 млн доллар, яғни 1,4 млрд теңге жұмсалғанын айтқан еді. Жаңа форматқа көшу бес жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Ал алғашқы сынақ келесі жылы өткізіледі.
Жаңа тест форматын министрлік америкалық ETS компаниясымен бірлесіп әзірлеп жатыр. Егер жоба сәтті іске асса, Қазақстанда талапкерді тек жаттаған білімі арқылы емес, ойлау тереңдігі, талдау қабілеті, цифрлық ортаға бейімі және тұлғалық қасиеті арқылы бағалайтын жаңа жүйе қалыптасуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







