Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжат МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Мариано Гроссидің Қазақстанға сапары аясында рәсімделді. Келісімге ҰҒОО басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев пен МАГАТЭ басшысы қол қойды. Серіктестік үш жылға есептелген, кейін мерзімін ұзарту мүмкіндігі бар.
Келісім радиациялық онкология, ядролық медицина, диагностикалық визуализация, медициналық физика, радиофармация және медицинадағы радиациялық қауіпсіздік бағыттарын қамтиды. Негізгі мақсат Қазақстандағы онкологиялық көмектің сапасын арттырып, отандық радиациялық медицинаны халықаралық стандарттарға жақындату.
Маңызды бағыттардың бірі Ұлттық ғылыми онкология орталығын МАГАТЭ-нің Rays of Hope жаһандық бастамасы аясындағы Anchor Centre ретінде дамыту. Егер жоспарланған шаралар толық жүзеге асса, ҰҒОО әлемдегі МАГАТЭ-нің 19-шы Anchor Centre орталығына және Орталық Азиядағы алғашқы осындай орталыққа айналады.
Рафаэль Мариано Гросси Қазақстанмен радиациялық онкология және сәулелік терапия саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ҰҒОО-ның МАГАТЭ-мен бірлескен жұмысы тек Қазақстан үшін ғана емес, тұтас өңір үшін де жаңа мүмкіндік ашады.

«Біз Ұлттық ғылыми онкология орталығының МАГАТЭ-мен ынтымақтастық аясында жүріп өтетін даму жолын айқындағымыз келеді. Бұл тек орталықтың өзіне жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, өңірлік ынтымақтастыққа да негіз болады», деді МАГАТЭ бас директоры.
Ол онкологиялық аурулар мен осы дерттен болатын өлім-жітім деңгейі әлі де өзекті мәселе екенін айтып, Қазақстанның онкологиялық көмекті дамытуға ерекше жауапкершілікпен қарап отырғанын жоғары бағалады.
Қазақстан медицинасының жаңа белесі
Серіктестік аясында білім беру бағдарламаларын іске асыру, халықаралық тағылымдамалар мен ғылыми сапарлар ұйымдастыру, ҰҒОО мамандарын зерттеу жобалары мен МАГАТЭ сараптамалық миссияларына тарту жоспарланып отыр. Негізгі назар радиациялық онкология, ядролық медицина, медициналық физика және радиофармация салаларындағы мамандарды даярлауға аударылады.
Ұлттық ғылыми онкология орталығы алдағы уақытта радиациялық медицина мен онкология бойынша кадр даярлайтын өңірлік құзырет және білім орталығы ретінде дамуды көздейді. Мұндай мәртебе Қазақстандағы дәрігерлерге ғана емес, Орталық Азия елдерінің мамандарына да тәжірибе алмасуға және жаңа технологияларды меңгеруге жол ашады.
Келісім шеңберінде сапа менеджменті жүйесін жетілдіру де қарастырылған. Атап айтқанда, сапаны басқарудың кешенді жүйесін енгізу, ішкі аудиттер жүргізу және ҰҒОО-ның МАГАТЭ стандарттарына сәйкес Anchor Centre ретінде жұмыс істеуге дайындығын бірлесіп бағалау жоспарланған.
Сонымен қатар халықаралық сарапшылар ҰҒОО-ның ескі корпусын реконструкциялау кезінде техникалық және сараптамалық қолдау көрсетеді. Жаңғырту радиациялық медицина инфрақұрылымын күшейтуді, жоғары технологиялық жабдықтарға арналған бөлмелерді дайындауды және желілік үдеткіштермен жабдықтау мәселелерін қамтиды.
Қазіргі медицинада онкологиялық көмекті тек ішкі мүмкіндікпен дамыту жеткіліксіз. Радиотерапия, ядролық медицина, диагностикалық визуализация және радиофармация сияқты салалар тұрақты халықаралық тәжірибе, қауіпсіздік стандарты, кәсіби дайындық және ғылыми байланыс талап етеді.
Сондықтан МАГАТЭ-мен жасалған келісім Қазақстанның онкология саласын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадам саналады.
ҰҒОО-ның Anchor Centre мәртебесіне ұмтылуы отандық онкологиялық қызметтің халықаралық кәсіби қауымдастыққа тереңірек кірігуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұндай серіктестіктің нақты нәтижесін пациенттер көруі тиіс. Ерте диагностика, сапалы сәулелік терапия, қауіпсіз ядролық медицина және білікті маман – онкологиямен күрестегі негізгі тірек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







