Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Ресей Федерациясында тауар жеткізуді алдын ала растау жүйесін енгізу мәселелері талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кеңес 26 мамыр күні өтті. Оны ұйымдастыру бастамасын қазақстандық тарап көтерген. Жиынға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары, бизнес қауымдастықтар, салалық бірлестіктер және экономиканың түрлі секторынан 100-ден астам өкіл қатысты.
Талқылау барысында Ресей Федерациясының Федералдық салық қызметі мен Федералдық кеден қызметінің өкілдері жаңа жүйені енгізу және қолдану тәртібі жөнінде түсініктеме берді. Сонымен қатар Ресей аумағына тауар жеткізу кезінде туындайтын практикалық мәселелер бойынша бизнес өкілдерінің сұрақтарына жауап берілді.
ТЖАР – ЕАЭО елдерінен Ресей Федерациясына тауар жеткізуді алдын ала растауға арналған ұлттық жүйе. Жаңа тәртіп бойынша жеткізілім алдын ала тіркеледі, тауардың алдағы жеткізілімі туралы құжат рәсімделеді, жанама салықтар бойынша кепілдік төлем енгізіледі және жүйеде қажетті мәліметтердің тіркелгенін растайтын QR-код алынады.
Жүйе Ресей Федерациясының 2026 жылғы 17 сәуірдегі «Тауар жеткізілімін алдын ала растаудың ұлттық жүйесі туралы» федералдық заңы және салық заңнамасына енгізілген өзгерістер негізінде енгізілді. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап пилоттық режимде жұмыс істеп келеді. 1 маусымнан бастап міндетті түрде қолдану жоспарланған.
Ресей тарапының түсіндіруінше, жаңа жүйенің негізгі мақсаты – тауар айналымының ашықтығын арттыру, жанама салықтардың толық әрі уақытылы төленуін қамтамасыз ету және тауар қозғалысын барлық кезеңде бақылау. Бақылау рәсімдерінің басым бөлігі тауар шекарадан өтпей тұрып жүзеге асырылмақ.
Бизнес өкілдері жүйеде тіркелу тәртібі, құжат рәсімдеу мерзімі, кепілдік төлемдерді қолдану ерекшелігі, сондай-ақ жаңа талаптардың логистика мен жеткізу уақытына ықпалы туралы сұрақтар қойды. Қатысушыларға тиісті түсініктемелер берілді.
Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі жаңа талаптар кезең-кезеңімен және барынша жеңілдетілген тәртіппен енгізілетінін мәлімдеді. Жүйені енгізу процесін сүйемелдеу үшін Қазақстан–Ресей бағыты бойынша 30 өткізу бекетінде, сондай-ақ Беларусь–Ресей шекарасындағы 11 учаскеде мобильді топтар құрылады. Олар сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға консультациялық және практикалық көмек көрсетеді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі ауқымды екенін ескерсек, ТЖАР жүйесінің жұмысы нарық қатысушылары үшін маңызды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ресейге экспорты шамамен 8,1 млрд АҚШ долларын құрады. Жеткізілімдердің басым бөлігі автомобиль көлігімен жүзеге асатындықтан, жаңа талаптар ең алдымен осы тасымал түріне әсер етеді.
Кеңес қорытындысында қатысушылар ЕАЭО аясындағы өзара сауданың жаңа талаптарына бизнес өкілдері дер кезінде бейімделуі қажет екенін атап өтті. Осы мақсатта мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ашық әрі тұрақты диалогты жалғастыру маңызды. Жаңа жүйе сауда ашықтығын күшейтуге бағытталғанымен, оның бизнеске түсетін әкімшілік және логистикалық салмағы да мұқият ескерілуі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







