Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бөлек ауылының 11-сынып оқушысы Әли Лоян Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинап, өңір жұртшылығын қуантты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Максим Горький атындағы орта мектептің 17 жастағы түлегі басты білім сынағынан сүрінбей өтіп, барлық сұраққа дұрыс жауап берген. Әли ҰБТ-да Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы пәндерін таңдаған. Қалған баллы IELTS және SAT халықаралық емтихандарының нәтижесі арқылы есептелген.
Жас талапкердің айтуынша, ол дайындықты 10-сыныптың соңынан бастаған. Алдымен ағылшын тілін терең оқып, халықаралық емтихандар тапсырған. 11-сыныптан бастап ҰБТ-ға жүйелі түрде дайындалған.
«Достарым футбол ойнауға, серуендеуге шақырғанда “жоқ, мен дайындалып, мақсатыма жетіп, көп балл алуым керек” деп жауап беретінмін. Бір нәрсеге жету үшін бір нәрсемен қош айтысу керек», – дейді Әли Лоян.
Әлидің бұл нәтижесі оның халықаралық деңгейде білім алуға да дайын екенін көрсетті. Дегенмен жас түлек мүмкіндігі мол бола тұра, өз өңірінде қалып, SDU университетінің шет тілдері факультетіне оқуға түсуді көздеп отыр. Оның басты мақсаты – ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгеріп, ел дамуына үлес қосу.
«Қазақстан бойынша 6 оқушы 140 балл алды. Өз облысымның, ауылымның атын шығарғаныма қуаныштымын. Тіл мамандығын таңдаған себебім – осы тілдерді үйреніп, басқа елдерден келген адамдарға облысымыздың әдемі жерлерін таныстырып, туризмді дамытуға үлес қоссам деймін», – деді түлек.
Әлидің анасы Анар Жақсыбаева баласының ҰБТ-ға дайындық кезінде әлеуметтік желіден бас тартып, бар назарын оқуға аударғанын айтады. Ол ұлының еңбегі ақталғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Естіген кезде алғашында сенбедім. “Шынымен 140 па?” деп қайта сұрадым. Ол “иә” деді. Әрине, қатты қуандым. Себебі ол көп дайындалды. Бұл – біздің отбасымыз үшін де, өзі үшін де үлкен жетістік», – деді анасы.
Тынбай ізденіп, табандылық танытқан жас түлекке бағындырған белесі үшін 1 млн теңге қаржылай сыйлық табысталды. Ендігі мақсат – алдағы емтихандарды сәтті тапсырып, «Алтын белгі» атағын абыроймен қорғау.
Әлидің жетістігі ауыл мектебінде оқып жүріп те үлкен нәтижеге жетуге болатынын көрсетті. Еңбек, тәртіп және нақты мақсат болса, ауыл баласының да биікке шығуына жол ашық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







