Қазақстанда 4,4 мыңнан астам адам әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу үшін жалған жұмысқа орналасқан. Ал осы алаяқтық схемаларды ұйымдастырғандар нақты мерзімдерге сотталып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, еліміздің 13 өңірінде әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу үшін жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу бойынша 38 қылмыстық іс тергелуде. Тексерулер барысында осындай алаяқтық схемаларға қатысқан 258 кәсіпкерлік субъектісі анықталған.
Қор мамандарының айтуынша, көбіне тұрғындар декреттік және бала күтіміне байланысты төлемдер көлемін жасанды түрде ұлғайту мақсатында осындай заңсыз әрекеттерге барған.
Қазірдің өзінде тоғыз қылмыстық іс бойынша сот шешімдері шығып, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстарда алаяқтық схемалардың 12 ұйымдастырушысы кінәлі деп танылды. Олар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төрағасының орынбасары Марат Жаныбеков әлеуметтік-еңбек саласындағы цифрландырудың арқасында мұндай алаяқтық схемаларды анықтау айтарлықтай жеңілдегенін айтады.
«Қазіргі технологиялар түрлі ақпараттық жүйелерден алынған деректерді бір-бірімен салыстырып, күмәнді жағдайларды жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Табысын жасанды түрде көтеру немесе жалған жұмысқа орналасу әрекеттері талдау кезеңінде-ақ белгілі болады және оларға бірден құқықтық баға беріледі», – дейді ол.
Қор өкілдерінің айтуынша, мұндай тексерулер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тұрақтылығын сақтап, төлемдерді заңды түрде алатын азаматтардың құқықтарын қорғау үшін қажет.
Сонымен қатар, қор азаматтарды декреттік, бала күтіміне арналған немесе басқа да әлеуметтік төлемдерді күмәнді жолмен арттыруға уәде беретін хабарландырулар мен делдалдарға сенбеуге шақырады. Себебі мұндай алаяқтыққа қатысқан азаматтардың өздері де жауапқа тартылуы мүмкін.
Әлеуметтік төлемдер туралы шынайы әрі нақты ақпаратты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалдарынан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелерінен, 1414 байланыс орталығынан немесе қордың ресми ресурстарынан тегін алуға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







