Астана халықаралық әуежайы 1 маусымнан бастап штаттық жұмыс режиміне оралды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әуежайдың ұшу-қону жолағында жүргізілген жөндеу жұмыстары аяқталып, жөндеу кезеңінде енгізілген уақытша шектеулер толық алынды. Енді елорда әуе айлағында рейстер авиакомпаниялардың бекітілген кестесіне сай, уақыттық шектеусіз орындалады.
Жөндеу жұмыстары 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында жүргізілген. Осы кезеңде ұшу-қону жолағы күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жабылып, бірқатар рейс таңертеңгі және кешкі уақытқа ауыстырылған еді.
Әуежай мәліметінше, жөндеу барысында аэродром инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыс атқарылды.
«Жүргізілген шаралар аэродром инфрақұрылымының пайдалану сенімділігін арттырып, ұшу қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», – деп хабарлады Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы.
Әуежай әкімшілігі жөндеу кезінде түсіністік танытқан жолаушылар мен авиакомпанияларға алғыс білдірді. Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары халықаралық қауіпсіздік және қызмет көрсету сапасы стандарттарына сай жалғасатынын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







