Қазақстанда жарияланған рақымшылықтың аясында 16,5 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершіліктен босап, жарты миллионнан астам азамат әкімшілік жазадан құтылуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан рақымшылық туралы заң жобасының егжей-тегжейін тарқатты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, қылмыстық рақымшылық ең алдымен ауыр емес қылмыстар мен зияны толық өтелген орташа ауыр қылмыстар жасаған азаматтарды қамтиды.
«Қылмыстық теріс қылық пен ауырлығы төмен қылмыстар жасағандар, сондай-ақ орташа ауыр қылмыстары зиян келтірмеген немесе келтірген зиянын толық өтегендер жаза өтеуден босатылады. Ал орташа ауыр қылмыс жасаған, бірақ келтірген зиянын өтемегендер үшін жаза мерзімі екі есе қысқарады», – деді Абзал Құспан.
Дегенмен, рақымшылықтың шеңбері шектеулі болады. Коррупциялық, террористік, экстремистік сипаттағы қылмыс жасағандар, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы әрекеттер, азаптау, қылмысты қайталап жасағандар және қоғамға аса қауіпті саналатын қылмыс түрлері рақымшылыққа ілінбейді.
«Коррупциялық, террористік және экстремистік қылмыстар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азаптау, қылмысты бірнеше мәрте қайталау сияқты аса қауіпті қылмыстар рақымшылық шеңберінен тыс қалады», – деп нақтылады депутат.
Сонымен қатар…
Абзал Құспанның мәліметінше, рақымшылық бойынша түпкілікті шешімді сот әрбір адамға жеке қабылдайды. Алдын ала болжам бойынша қылмыстық рақымшылықтың ауқымы шамамен 16,5 мың адамды құрауы мүмкін.
Осы заң аясында әкімшілік рақымшылық та жүргізілмек. Соның арқасында жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын бір миллионнан астам әкімшілік айыппұл есептен шығарылады. Әкімшілік рақымшылықтың пайдасын 500 мыңнан астам азамат көреді.
Дегенмен, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына байланысты, сот шешімі бойынша салынған, қайталанған құқық бұзушылықтар мен жол қозғалысы ережелерін бұзу секілді азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әкімшілік жазалар рақымшылықтан тыс қалады.
Абзал Құспанның атап өткеніндей, рақымшылық тек заң күшіне енгенге дейін жасалған құқық бұзушылықтарға қолданылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







