Қазақстанда жаңа Конституцияға байланысты қабылданған рақымшылық актісі халықтың борыштық ауыртпалығын азайтып, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Бұл туралы Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежана Имашева мәлім етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Комитет төрайымының сөзінше, рақымшылық туралы заң жобасы Мемлекет басшысының биыл 17 наурыздағы тапсырмасы негізінде дайындалған. Құжат қылмыстық саясатты гуманизациялап, азаматтардың борыштық ауыртпалығын жеңілдетуге бағытталған.
Қылмыстық рақымшылық аясында:
- Заң қолданысқа енгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, ауырлығы аз және зияны өтелген немесе зиян келтірмеген орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін қылмыстық істерді, соның ішінде сотта қаралып жатқан істерді тоқтату ұсынылған.
- Азаматтардың және мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды босату көзделген.
Олар:
- қылмыстық теріс қылықтар және ауырлығы аз қылмыстар жасағандар;
- зиян келтірмеген немесе толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан (жазасының аяқталуына бір жылдан аспайтын мерзім қалған) сотталушылар.
- Орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін зиянды өтемеген сотталушылардың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі 1/2-ге, ауыр қылмыстар бойынша зиян өтелген жағдайда 1/3-ке, өтелмеген жағдайда 1/4-ке, ал аса ауыр қылмыстар үшін зиян өтелген жағдайда 1/4-ке, өтелмеген жағдайда 1/5-ке қысқарады.
Сонымен қатар…
Сыбайлас жемқорлық, терроризм мен экстремизм, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар (14-18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар жасаған жағдайларды қоспағанда), азаптау, аса қауіпті рецидивті қылмыстар мен сырттай сотталған тұлғалар рақымшылыққа ілікпейді. Мұндай қылмыстардың нақты тізімі заң жобасының 3-бабында айқындалған.
Әрбір сотталушыға қатысты рақымшылық шешімін сот жеке-жеке қабылдайды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарын ұйымдастырады.
Әкімшілік рақымшылық бойынша әкімшілік айыппұл түріндегі жазадан келесі санаттағы азаматтар толық босатылады:
- Қазақстан Республикасының азаматтары;
- жеке кәсіпкерлік субъектілері;
- жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң консультанттары.
Айта кетелік, амнистия сот салған әкімшілік айыппұлдар мен азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Әкімшілік рақымшылық қолданылмайтын құқық бұзушылықтар тізімі заң жобасының 8-бабында нақты көрсетілген.
Сондай-ақ, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Өзгеріс атқарушылық іс жүргізуді тоқтату, атқарушылық санкцияларды және жеке сот орындаушыларының қызмет ақысын өндіріп алуды алып тастау тәртібін нақтылайды.
Снежана Имашеваның айтуынша, заң жобаларының қабылдануы теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға алып келмейді. Мәжілістің тұрақты комитеттері заң жобалары бойынша оң қорытынды берген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







