«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп жазады Ertenmedia. kz.
Депутаттың пікірінше, соңғы жылдары елімізде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған заңнамалық шаралар күшейгенімен, қоғамдағы экологиялық мәдениет деңгейі әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Сергей Пономарев азаматтардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру тек айыппұлдар мен бақылау арқылы шешілмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді нәтиже беру үшін экологиялық білім беру мен тәрбие жүйесін күшейту қажет.
Мәжілісменнің пікірінше, мектептен бастап табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Өйткені экологиялық жауапкершілік адам бойында бала кезден қалыптасады.
Депутат сондай-ақ қоғамдық орындардағы тазалық мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, кейбір өңірлерде тұрмыстық қалдықтарды бейберекет тастау, табиғат аясындағы демалыс орындарын ластау және қоғамдық мүлікке ұқыпсыз қарау жағдайлары әлі де кездеседі.
Пономаревтің пайымдауынша, мұндай мәселелерді шешу үшін мемлекет, бизнес және қоғам бірігіп әрекет етуі керек. Әсіресе экологиялық бастамаларды қолдайтын қоғамдық жобалардың санын көбейту маңызды.
Депутат экологиялық мәдениетті қалыптастыруды елдің ұзақ мерзімді дамуының маңызды бөлігі ретінде бағалады. Оның сөзінше, таза қоршаған орта мен табиғатқа ұқыпты көзқарас қоғамның жалпы мәдениеті мен жауапкершілік деңгейінің көрсеткіші болып саналады.
Сондықтан Мәжіліс депутаты Үкіметтен халық арасында экологиялық құндылықтарды насихаттау тетіктерін күшейту, экологиялық ағарту жұмыстарын кеңейту және бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру мәселесін қарастыруды сұрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







