Қазақстан аумағында тасымалданатын жүктердің бестен бір бөлігі шетелдік вагондармен жеткізіледі. Масқара мәліметті депутат Азат Перуашев жария етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың дерегінше, Қазақстандағы барлық жүк тасымалының 20%-дан астамын шетелдік вагондар орындайды. Мәселен, Қазақстан көмірінің Ресей арқылы транзитінде отандық вагондардың үлесі небәрі 22%-ды құрайды.
Газ тасымалында да жағдай осыған ұқсас. Ел ішіндегі тасымалда шетелдік цистерналар жұмыс істеп жатқанда, Қазақстанның өзіндегі 500-дей газ цистернасы бос тұр.
Ең күрделі ахуал мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауда қалыптасқан. Мұнда негізгі жүк шетелдік цистерналармен тасымалдануда.
Алайда Қазақстанның өзінде дәл осы цистерналарды толық көлемде жасап шығаратын қуатты өндіріс орындары бар. Атырау вагон жасау зауытының өзі жылына 1500-ден аса цистерна құрастырып, өнімнің 92%-ын қазақстандық шикізаттан шығаруға қауқарлы. Ол үшін қажетті болат өнімдерін QARMET металлургиялық комбинаты әзірлейді.
«Ең сорақысы, қазір Қазақстанға шетелден дайын күйінде әкелінген цистерналар да «қазақстандық өнім» ретінде сертификатталуда. Яғни шетелден тек цистернаның дайын котелдері әкелініп, Қазақстанда оларды тек құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, шетелдік өндірушілер толық циклды өндіріс жүргізетін отандық зауыттармен тең дәрежеде сертификат алып, арзан бағада бәсекеге түсіп отыр. Бұл ма, бұл отандық өндірушілердің құқын аяққа таптау», — деп қынжылды Перуашев.
Бектенов? Мәжілісмен Үкіметті осы мәселеге назар аударуға шақырып, шетелден әкелінген дайын бөлшектерді отандық өнім ретінде сертификаттау тәжірибесін тоқтатуды талап етуде.
Сондай-ақ, депутат толық циклды өндірісі бар жергілікті зауыттарды қолдап, қазақстандық вагон жасау саласын дамытуға кедергі келтіретін әділетсіздікке жол бермеу қажет деп есептейді.
Айта кетелік, бұған дейін Перуашев «штрафстан» деген сөзі үшін Тоқаевтан кешірім сұрап, «жаздым, жаңылдым» деп мәлімдеген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







