Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қазіргі мемлекеттілік дәстүрі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихымен және Алтын Орда мұрасымен сабақтас екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы дала өркениетімен тығыз байланысты екені айқын көрсетілген. Бұл қазіргі Қазақстанның тарихи тамыры тереңде жатқанын білдіреді.
Тоқаев елордада Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынатынын атап өтті. Сонымен қатар Астанада ЮНЕСКО аясында Алтын Орда мұрасын зерттеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салды. Президенттің айтуынша, мұндай бастамалар мемлекеттілік тұғырын нығайтуға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Алтын Орданы орта ғасырдағы аса қуатты мемлекеттердің бірі ретінде сипаттады. Оның басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлем мойындаған валютасы мен озық жаңалықтары болған.
Тоқаев қазіргі Қазақстанда орныққан президенттік басқару үлгісі де Алтын Орда дәуірінде қалыптасқан саяси жүйеден бастау алатынын айтты. Бұл тарихи сабақтастық елдің мемлекеттік басқару мәдениеті бір күнде пайда болмағанын көрсетеді.
Президент Алтын Орданың ең басты мұрасы оның құндылықтарында екенін атап өтті. Алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті мен дәстүрі әртүрлі халықтар ортақ ереже аясында тату өмір сүрген. Мемлекет басшысы мұндай тәжірибе бүгінгі Қазақстан үшін де маңызды бағдар екенін жеткізді.
Тоқаевтың айтуынша, Алтын Орданың жетістігі Еуразиядағы көптеген халыққа ортақ мұра саналады. Сондықтан Қазақстан Ұлық Ұлыстың мұрагері ретінде Еуразия кеңістігінің біртұтас, қауіпсіз әрі бейбіт дамуын қолдайды.
Президент Қазақстанның мақсаты өткенді дауға айналдыру емес, ұлы дәуірдің құндылықтарын байыппен зерделеп, оларды қазіргі заман талабына сай жаңғырту екенін айтты. Оның сөзінше, тарихи мұра елдің стратегиялық бағытын айқындауға және ұлттық сананы бекемдеуге қызмет етуі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







