Қазақстанда қазақ тілінде білім алатын бірінші сынып оқушылары үшін жаңа бейімделу бағдарламасы енгізілмек. Оқу-ағарту министрлігі бекіткен маңызды ереже 15 маусымнан бастап ресми түрде күшіне енеді деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа жобаның басты мақсаты мемлекеттік тілде оқитын, бірақ күнделікті өмірде тілдік қолданыста қиындық көретін балалардың сөйлеу дағдысын арттыру.
Бағдарлама ең алдымен қазақ тілін меңгеруде және өзара араласуда қосымша көмекті қажет ететін бүлдіршіндерге арналған. Ерекшелігі сол, бұл үйреншікті сабақ форматында емес, сынып сағаттары мен сабақтан тыс уақыттағы арнайы үйірмелер түрінде ұйымдастырылады.
Оқыту процесі теорияға емес, баланың күнделікті мектепте, үйде және қоғамдық орындарда кездесетін шынайы өмірлік жағдаяттарына негізделеді. Осылайша, балалар тілді еркін қолдануды тәжірибе жүзінде үйренбек.
Жаңа сабақтарға қатысу ерікті түрде жүзеге асырылады. Баланы бағдарламаға қосудың екі жолы бар:
- Ата-ананың өз еркімен жазған өтініші негізінде;
- Сынып жетекшісінің немесе пән мұғалімінің ұсынысы бойынша (бұл жағдайда да ата-ананың жазбаша келісімі міндетті түрде талап етіледі).
Егер баланың тілдік деңгейі жақсарып, бағдарламаға қатысу қажеттілігі қалмаса, ата-ананың арызымен оқу жылы аяқталғанға дейін де курсты мерзімінен бұрын тоқтатуға рұқсат берілген.
Жаңа жүйені іске қосу үшін әрбір мектеп әкімшілігіне арнайы міндеттер жүктеліп отыр. Білім беру ошақтары қосымша қолдауды қажет ететін оқушылардың нақты тізімін жасақтап, сабақтардың арнайы жоспары мен кестесін бекітуі тиіс.
Сонымен қатар балалардың емін-еркін сөйлесуіне қолайлы орта қалыптастырып, қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Министрлік бағдарламаның тиімділігі тек мұғалімдерге ғана емес, отбасындағы тілдік орта мен ата-аналардың қолдауына да тікелей байланысты екенін алға тартуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







