Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған ресми және іскерлік делегация Қытайға жұмыс сапары аясында Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэймен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен өтті. Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялық жобаларды іске асыру, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.
Ляонин провинциясы Қытайдың ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Халық саны 40 миллионнан асатын аймақ мұнай-газ, машина жасау және өңдеу өнеркәсібі салаларында жоғары әлеуетке ие. Бұл бағыттар Батыс Қазақстан облысы үшін де стратегиялық маңызға ие.
Нариман Төреғалиев Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік екі ел басшыларының саяси ерік-жігері арқасында жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңірлер арасындағы нақты жобалар осы қарым-қатынастың практикалық мазмұнын күшейтеді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен біз өңірдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартып, қызығушылық танытқан компанияларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отырмыз. Қытайлық инвесторлармен бірге сұйық метанол, цемент зауыттары, газ турбиналы және жел электр стансаларын салу сияқты маңызды жобаларды іске асырып жатырмыз. Жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытам деген инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ бар», – деді облыс әкімі.
Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэй де Қазақстанмен, соның ішінде Батыс Қазақстан облысымен байланысты тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары Ляонин мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс нығая түскен.
«Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин екі ел бір-біріне сенім артатын стратегиялық серіктестер екенін үнемі атап өтеді. Былтыр Ляонин мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 2, 7 миллиард юаньға жетті. Сіздердің Халықаралық бауырлас қалалар форумына келулеріңіз ортақ мақсат жолындағы шынайы ықыласты білдіреді», – деді Ван Синьвэй.
Кездесу барысында тараптар өндірістік кооперацияны күшейтуге, жаңа инвестициялық жобаларға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге басымдық берді. Сонымен қатар Қытай мен Қазақстан мәдениеті жылы аясында мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамыту мәселесі де сөз болды.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай сапарлар өңірлік экономиканың сыртқы әріптестермен байланысын күшейтуге мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан облысы үшін Қытаймен ынтымақтастық жаңа өндірістер ашуға, энергетика жобаларын іске асыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







