Катонқарағайға баратын жолдың өзі ерекше. Алыстан мұнартып көрінген асқар таулар, самал желмен тербелген жасыл алқаптар, мөлдір өзендер мен ну орман бұл өңірдің табиғатын сөзбен жеткізе алмассың.
Ertenmedia.kz «Шығыс шақырады» бағдарламасының нақты нәтижесін көзбен көру үшін өңірдің шырайлы мекеніне арнайы ат басын бұрған белгілі журналист Қуаныш Рахметолланың репортажын оқырман назарына ұсынады. Соңғы жылдары оңтүстік өңірлерден Шығыс Қазақстанға қоныс аударушылардың қатары көбейіп келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, тұрақты жұмыс пен баспана мәселесінің шешімі көптеген отбасылардың таңдауына әсер етіп отыр.
«Бірақ кез келген статистиканың артында адам тағдыры тұрады. Біз барған үйдің иелері де сондай жандардың бірі еді», — дейді журналист. Әрі қарайғы әңгімені әріптесіміздің өзіне тапсырдық.
Шәй үстіндегі шынайы сырласу
Катонқарағай ауылында бізді Түркістан облысынан көшіп келген Дәурен Сыдықов қарсы алды. Жұбайы екеуі бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Үй ауласындағы тіршілік қайнап жатыр. Шай үстіндегі әңгіме барысында Дәурен көшіп келу туралы шешімнің қалай қабылданғанын баяндап берді. «Алғашында ойланып қалдық. Туған жерді тастап, мыңдаған шақырым жерге көшу оңай емес қой. Бірақ мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді зерттедік. Балалардың болашағын ойладық. Сөйтіп, тәуекелге бел будық», – дейді отағасы.
Оның айтуынша, Катонқарағайға келген күннен бастап жергілікті халықтың ықыласын сезінген.
«Ешкім бізді бөтенсінген жоқ. Қайта қол ұшын созып, бағыт-бағдар көрсетті. Қазір жұмысымыз бар, балаларымыз мектепте оқып жүр. Өзімізге қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Бұл жақтың табиғатына да, адамдарына да үйреніп кеттік», – дейді ол.
Дәуреннің жұбайы Әлия Исмаилова бүгінде Катонқарағай ауылындағы мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Бес баланың анасы үшін жаңа өңірге қоныс аудару үлкен жауапкершілік болған. Дегенмен уақыт өте келе бұл шешімнің дұрыс болғанына көздері жеткен. Әсіресе балалардың денсаулығындағы оң өзгерістер мен ауыл тұрғындарының ақжарма ықыласы олардың жүрегінде ерекше әсер қалдырған.
«Бізді бұл жердің халқы ерекше жылы қабылдады. Көшіп келгенімізді естіген ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері арнайы келіп, “Құтты қоныс болсын!” деп баталарын берді. Сол кезде бөтен жерге емес, өз туған ауылымызға келгендей әсер алдық. Балаларымыздың денсаулығындағы өзгерістер де бізді қатты қуантты. Түркістанда жүргенде кейбір балаларымыз аллергиямен жиі ауыратын. Ал Катонқарағайға көшіп келгеннен кейін таза ауа мен табиғаттың әсері ме, аллергиялары басылып, өздерін әлдеқайда жақсы сезіне бастады. Бұл біз үшін үлкен бақыт. Бүгінде көшіп келгенімізге еш өкінбейміз. Жұмысымыз бар, балаларымыз жақсы ортада өсіп жатыр. Ең бастысы – болашаққа деген сеніміміз нығайды»,– дейді Әлия ханым.
Катонқарағайға көшіп келген Дәурен Сыдықовтың мамандығы – дәрігер-офтальмолог. Бүгінде ол аудандық ауруханада еңбек етіп, жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсартуға өз үлесін қосып келеді. Оның келуі аудан үшін ерекше жаңалық болған. Себебі жергілікті мамандардың айтуынша, 1990-жылдардың басынан бері Катонқарағай өңірінде тұрақты түрде жұмыс істейтін офтальмолог маман болмаған екенін тілге тиек етті.
«Біз көшіп келгенде аудан халқының көз дәрігеріне деген сұранысының жоғары екенін байқадық. Қазір күн сайын науқастарды қабылдап, қажетті көмекті көрсетіп жатырмыз. Ауыл тұрғындарының алғысын естіген сайын осы жаққа көшіп келгеніміздің қаншалықты дұрыс шешім болғанын сезінеміз», – дейді Дәурен Сыдықов. Бүгінде тәжірибелі дәрігердің көмегіне тек Катонқарағай ауылының ғана емес, шалғай елді мекендердің тұрғындары да жүгінеді. Бұл өз кезегінде «Шығыс шақырады» бағдарламасының өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға да нақты үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Сыдықовтар отбасы мемлекеттік қолдаудың нақты игілігін көріп отырған жандардың бірі. Бағдарлама аясында отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 302 мың теңгеден астам қаржы төленген. Қазір олар «Отбасы банк» пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бірлесіп жүзеге асырып отырған бағдарлама арқылы жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген ипотеканы рәсімдеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл жоба бойынша қоныс аударушыларға 20 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі ұсынылған. Сонымен қатар баспана сатып алуға «Шығыс шақырады» бағдарламасы арқылы 7 миллион теңге берілмек.
Арманға апарған көш
Катонқарағайдың көркем табиғатын артқа тастап, жолымызды Үлкен Нарын ауданына қарай жалғадық. Көз тартатын табиғатқа қарап отырып, «адамды мекен көркейтеді ме, әлде мекенді адам көркейтеді ме?» деген ойға қаласың. Біз де осы сауалдың жауабын іздегендей, «Шығыс шақырады» бағдарламасы арқылы жаңа қоныс тапқан отбасылардың өмірімен танысу үшін Алтынбел ауылына бет алдық.
Бір сағаттық жолдан кейін Үлкен Нарын ауданына қарасты Алтынбел ауылына жеттік. Тау мен даланың арасын жайлаған шағын ауылдың тынысы бірден сезіледі. Осында Алматы облысынан көшіп келген көпбалалы отбасы Мырзабек Төкен мен Қайшабану Тоқтардың шаңырағында болып, жаңа мекендегі өмірімен таныстық.
Көш – қазақ үшін ежелден тағдыр шешетін үлкен қадам. Туған жерден алыстап, жаңа ортаға қоныс тебу әркімнің батылы жете бермейтін шешім. Алайда Төкендер отбасы балалардың болашағы үшін осындай тәуекелге барған. Кең дастарқан басында әңгіме тиегі ағытылғанда, Қайшабану көшіп келген алғашқы күндерін еске алды.
«Әрине, бастапқыда толқу болды. Жаңа жер, жаңа адамдар. Бірақ Алтынбелдің халқы бізді туған-туысындай қарсы алды. Қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Соның арқасында бұл ортаға тез сіңісіп кеттік», – дейді ол.
Үй ауласында асыр салып ойнап жүрген балалардың шат күлкісі де осының дәлелі іспетті. Табиғаты көркем, ауасы таза Алтай өңірі олардың жаңа мекеніне айналған. Қайшабанудың айтуынша, көшіп келгеннен бері отбасының өмірінде көптеген жақсы өзгерістер болған.

«Ең бастысы – тұрақтылық пайда болды. Балаларымыз мектепке барып жүр. Жолдасым аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналасты. Ауыл адамдарының қамқорлығын көрдік. Осындай қолдауды сезінгенде, бұл жаққа бекер келмегенімізді түсінесің», – дейді көпбалалы ана. Алтынбелге көшіп келген Қайшабану Тоқтар тек жаңа мекенге бейімделіп қана қоймай, өз кәсібін де дөңгелетіп отыр. Көпбалалы ана мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз грантты тиімді пайдаланып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Бүгінде ол үй жағдайында түрлі жартылай дайын өнімдерін әзірлеп, нарыққа шығарып келеді. Қайшабану өз қолымен әзірлеген түшпара, мәнті және басқа да жартылай өнімдеріне ауыл тұрғындарының сұранысы артып келеді.
«Алғашында бәрін нөлден бастадық. Мемлекет берген грантқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Қазір өз брендіммен өнім шығарып жатырмын. Еңбегіңнің нәтижесін көргенде ерекше қуанасың. Бұл тек табыс көзі емес, өзіңе деген сенімді арттырады», – дейді Қайшабану.
Шағын ғана ауылдағы осы бір шаңырақта үлкен еңбек пен үлкен арман тоғысқандай. Алматы облысынан жаңа өмір іздеп көшіп келген отбасы бүгінде өз кәсібін дамытып, өңір экономикасына үлес қосып отыр. Қайшабанудың оқиғасы «Шығыс шақырады» бағдарламасының нақты нәтижесін көрсететін жарқын мысалдардың бірі. Өйткені бұл жоба адамдарға тек қоныс аударуға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың өз кәсібін бастап, жаңа ортада өз орнын табуына жол ашып отыр.
«Шығыс шақырады» қандай бағдарлама?
«Шығыс шақырады» өңірлік бағдарлама арқылы Оңтүстіктен Шығыс Қазақстанға қоныс аударғысы келетін жандардың күн санап саны артып келеді. Оған себепте жоқ емес. Жобаға сәйкес көшіп келген отбасындағы әрбір адамға 70 айлық көрестікіш есебінде яғни 302 мың теңгеден аса ақша, баспана алу үшін 7 миллион теңге беріледі. Міндетті түрде жұмыспен қамтылады.
Отбасында мектеп бітіруші түлектер болса, ЖОО-на түсу үшін тегін білім гранттары тағы бар. Ол аз десеңіз қоныс аудурушылар үшін «Отбасы банк» пен ШҚО әкімдігі бірлесіп баспана алуға жылдық 5 пайыз мөлшерлемесімен 20 миллион теңгеге дейін ипотекалық жеңілдетілген несие береді.
Ал бұл жеткіліксіз десеңіз өз ісін бастағысы келетін азаматтарға 3 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі.
P.S немесе жол үстіндегі ой
Әрине, жұмыс басқа өңірлерде де табылады. Бірақ адам баласы тек нәпақа үшін көшпейді. Ол баласының болашағы үшін, ертеңіне деген сенім үшін, тұрақты өмір үшін қоныс аударады. Бүгінде Шығыс Қазақстан дәл осындай үміт пен мүмкіндіктің мекеніне айналып келеді. Табиғатының көркемдігі мен ауасының тазалығы бір бөлек, ең бастысы – өңірде жүйелі даму бар. Жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңарып, кәсіп бастауға қолдау көрсетілуде. Сондықтан өзге өңірлерден Шығысқа қоныс аударушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Біз барған оңтүстіктен көшіп келген отбасылар сөзімнің дәлелі болса керек. Олар тек жаңа мекен тапқан жоқ, жаңа мүмкіндікке жол ашты. Кәсіп бастады, жұмыс тапты, балаларына жайлы орта қалыптастырды, болашаққа деген сенімін нығайтты.
Өйткені адамдар кездейсоқ жерге көшпейді. Олар тұрақтылық бар жерге көшеді. Болашағы бар аймаққа бет бұрады. Ал бүгінде сондай өңірлердің бірі – Шығыс Қазақстан.
Өскемен-Катонқарағай-Үлкен Нарын-Өскемен
Автор, Қуаныш Рахметоллаұлы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







