Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану әлемде даулы құралға айналды. Пандемия кезінде бұл қадамды ондаған ел қолданғанымен, кейін оның салдары ауыр болғаны анық көрінді, деп жазады Ertenmedia.kz.
COVID-19 кезінде табысынан айырылған азаматтарға көмектесу үшін көптеген мемлекет зейнетақы қорларындағы қаражатқа ерте қол жеткізуге рұқсат берді. Бір қарағанда бұл шешім халыққа өз ақшасын қиын кезеңде пайдалануға мүмкіндік бергендей көрінді. Алайда уақыт өте келе мұндай саясаттың ұзақ мерзімді тәуекелі айқындала бастады.
ОЭСР 2020 жылдың өзінде зейнетақы активтерін жаппай шешу болашақтағы зейнетақы қауіпсіздігіне соққы болатынын ескерткен. Кейінгі деректер бұл қауіптің негізсіз болмағанын көрсетті. Зейнетақы жинағын ерте алуға рұқсат берген елдерде қор активтері қысқарып, болашақ төлемдердің көлемі төмендей бастады.
Ең үлкен сабақтың бірі Чили тәжірибесінен көрінді. Пандемия кезінде ел конгресі азаматтарға жинағының бір бөлігін бірнеше рет шешіп алуға рұқсат берді. Нәтижесінде жүйеден шамамен 50 миллиард доллар шығарылды. Миллиондаған адамның зейнетақы шоты бос қалды.
Бұл тек жеке азаматтардың мәселесі болып қалған жоқ. Жинақ азайған сайын болашақ зейнетақы төлемдері де төмендеді. Тұтыну күрт өсіп, инфляция күшейді. Кейін мемлекет бос қалған шоттардың салдарын бюджет арқылы жабуға мәжбүр болды.
Болашақ пен бүгіннің тартысы
Перу тәжірибесі одан да күрделі. Елде бірнеше жыл ішінде зейнетақы жинағын алудың сегіз раунды өтті. Соның салдарынан жинақтаушы жүйе қатты әлсіреп, қатысушылардың басым бөлігі шотында қаражатсыз қалды. Зейнетақы қорлары мемлекеттік облигацияларды сатуға мәжбүр болып, ішкі қаржы нарығына да қысым түсті.
Австралия тәжірибесі салыстырмалы түрде басқарылған сценарий ретінде қарастырылады. Онда ерте шешіп алу мерзімі нақты шектеліп, тек пандемиядан зардап шеккендерге берілді. Бағдарлама уақытында жабылды. Бірақ оның өзінде жастар үшін ұзақ мерзімді шығын жоғары болды. Себебі 30 жаста алынған 20 мың доллар болашақта ондаған мың долларлық зейнетақы кірісінен айырады.
Малайзияда да пандемиялық шешімдер зейнетақы жинақтарын әлсіретті. Миллиондаған азаматтың шотында өте аз қаражат қалды. Кейін билік жаңа шешіп алу кезеңдері болмайтынын мәлімдеуге мәжбүр болды.
Әлемдік тәжірибе бір нәрсені анық көрсетті. Зейнетақы жинағын ерте пайдалану тек қысқа мерзімді дағдарыс кезінде ғана ақталуы мүмкін. Ал бұл тетік ұзақ жылдарға созылған тұрақты арнаға айналса, жүйе әлсірейді.
Мәселе тек азаматтың бүгінгі қажеттілігінде емес. Зейнетақы жинағы – болашақтағы тұрақты табыстың негізі. Бүгін алынған қаражат ертеңгі зейнетақыны азайтады. Әсіресе жастар үшін бұл шығын әлдеқайда ауыр, өйткені олар күрделі пайыздың ұзақ мерзімді әсерінен айырылады.
Зейнетақы жүйесіндегі храповик әсері
Халықаралық институттардың ортақ ұстанымы да осыған саяды. Ерте қол жеткізу дағдарыс кезінде уақытша қолдау бере алады, бірақ ол зейнетақы жүйесінің негізгі міндетін бұзбауы тиіс. Егер жинақтар жаппай алынса, кейін мемлекетке қосымша әлеуметтік төлемдер арқылы бұл олқылықты жабуға тура келеді.
Қазақстан үшін бұл тәжірибе маңызды сабақ болуы керек. Зейнетақы қаражатын баспана немесе емделу сияқты мақсаттарға пайдалану азаматтарға белгілі бір мүмкіндік бергенімен, оның ұзақ мерзімді салдарын да ескеру қажет.
Сарапшылардың пікірінше, ендігі басты сұрақ – зейнетақы жинағын пайдалануды толық ашық қалдыру емес, оны қалай дұрыс шектеу. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай саясат нақты мерзіммен, нақты мақсатпен және нақты әлеуметтік өлшеммен ғана тиімді болуы мүмкін.
Зейнетақы жүйесінің басты міндеті – адамды қартайған шағында тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан кез келген шешім бүгінгі сұраныс пен ертеңгі қауіпсіздіктің арасындағы тепе-теңдікке негізделуі тиіс. Чили мен Перу тәжірибесі бұл тепе-теңдік бұзылса, оның бағасы мемлекетке де, азаматтарға да қымбатқа түсетінін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







