Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы талқыланған отырыста Үкімет пен Ұлттық банкке қойылмай қалған екі маңызды сұрақ бар екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептері қаралды. Бірақ регламентке байланысты сұрақ қоюға кезек жетпеген.
Еділ Жаңбыршин қоғам үшін маңызды екі мәселені бөлек көтеру қажет деп санайды. Бірінші мәселе – Ұлттық қорды толықтыру.
Мемлекет басшысы Ұлттық қор активтерін 100 млрд АҚШ долларына жеткізу міндетін қойған болатын. Алайда Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы басқа көріністі көрсетіп отыр.
2025 жылы Ұлттық қорға 4,88 трлн теңге түсуі керек еді. Нақты түскені – 3,75 трлн теңге. Жоспар 76,7 пайызға ғана орындалған.
Өткен жылмен салыстырғанда түсімдер 2,2 пайызға төмендеген. Нәтижесінде қорға түсуі тиіс 1,14 трлн теңге түспей қалған.
Депутаттың айтуынша, мұнай секторынан түсетін негізгі кірістер де жоспарға жетпеген. Корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, ренталық салық және өнімді бөлу бойынша түсімдердің басым бөлігі төмен орындалған.
Осыған байланысты Еділ Жаңбыршин заңды сұрақ туындайтынын айтты. Ұлттық қорға түсім азайып жатқанда, 100 млрд долларға жету мақсаты қандай нақты экономикалық есепке сүйенеді?
Оның ойынша, мәселе қорды толықтырумен ғана шектелмейді. Ұлттық қор активтерін тиімді басқару да маңызды. Сондықтан бұл сұрақ Үкіметке де, Ұлттық банкке де қатысты.
Екінші мәселе – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне бөлінген 1 трлн теңге. Депутаттың айтуынша, экономиканы қолдау және қаржыландыруды кеңейту үшін бөлінген мұндай қаражаттың есебі ашық болуы керек.
Қоғам бұл қаржының нақты қай жобаларға бағытталғанын білуге құқылы. Қай салалар қаржыландырылды? Қанша жаңа өндіріс ашылады? Қанша тұрақты жұмыс орны құрылады? Бюджетке қандай қайтарым болады?
Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, мемлекеттік қаржының тиімділігі бөлінген сомамен өлшенбеуі керек. Негізгі өлшем – нақты нәтиже.
Қаражатты игеру есеп үшін жақсы көрінуі мүмкін. Бірақ елге керегі – жаңа өндіріс, тұрақты жұмыс орны, салық түсімі және экономикалық қайтарым.
Депутат мемлекеттік саясаттың басты өлшемі экономикалық өсім, жаңа кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары және болашақ ұрпақ үшін сақталатын Ұлттық қор болуы тиіс екенін атап өтті.
Оның айтуынша, үлкен сандар мен әдемі жоспарлар жеткіліксіз. Үкімет пен Ұлттық банк Ұлттық қордың қалай толтырылатынын және «Бәйтерекке» бөлінген 1 трлн теңгенің қандай нәтиже беретінін нақты түсіндіруі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







