Алматы облысына алғаш рет Қытайдың Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чансин бастаған делегация келді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай делегациясымен кездесіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды құжатқа қол қойды.
Марат Сұлтанғазиев Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынас 34 жыл бойы өзара сенімге, тату көршілікке және стратегиялық әріптестікке негізделіп келе жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Алматы облысы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың маңызды көпірі саналады. Өңір мен ҚХР арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары 1 млрд АҚШ долларынан асқан. Қазір облыс аумағында Қытай және бірлескен капиталдың қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істейді.
Соңғы төрт жылда Алматы облысының делегациясы Қытайдың 16 өңіріне жеті жұмыс сапарын ұйымдастырған. Оған өңірдегі 75-тен астам кәсіпкер қатысқан.
Облыс әкімінің айтуынша, Алматы облысы мен Цзянсу провинциясы арасындағы байланыс жүйелі түрде дамып келеді. Цзянсу Қытайдың экономика, инновация және жоғары технология саласындағы жетекші өңірлерінің бірі саналады.
287 кәсіпорыннан 3,1 трлн теңгелік жобаға дейінгі жол
Тараптар өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, логистика, инвестиция, жоғары технология және жасыл экономика бағытында ұзақ мерзімді жобаларды дамытуға ниетті.
Қазір Алматы облысында жалпы құны 6,2 трлн теңге болатын 216 инвестициялық жоба мониторингте тұр. Соның ішінде Қытай капиталының қатысуымен іске асатын 45 жоба бар. Олардың жалпы құны 3,1 трлн теңгені құрайды.
Бұл жобалар іске асса, өңірде 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері облыс Қытай инвесторларымен 90 кездесу өткізген. Бұл барлық инвестициялық кездесудің 46,9 пайызына тең.

Білім беру саласында да байланыс кеңейіп келеді. Қытай тарапы Алматы облысының жастарына гранттар ұсынып отыр. Қазір Қытай провинцияларында өңірден шыққан 56 талапкер тегін білім алуда. Олар бакалавриат, магистратура және орта кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша оқып жатыр.
Визасыз режим туризм саласына да серпін берді. 2025 жылы Алматы облысына 147 мыңнан астам шетелдік турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 13,19 пайызға көп. Шетелдік туристердің ең үлкен бөлігін Қытай азаматтары құрайды.
Биыл Шанхай қаласында Алматы облысы әкімдігінің сервис орталығы ашылды. Орталық өңірдің туристік әлеуетін Қытай нарығында ілгерілетуге бағытталған ресми өкілдік ретінде жұмыс істейді.
Облыс халықаралық туристік алаңдарға да белсенді қатысып жүр. Соның ішінде ITB China және ITB Asia көрмелерінде өңірдің туристік мүмкіндіктері таныстырылған. Сонымен қатар қытайлық туроператорлармен, әуе компанияларымен және медиа өкілдерімен жұмыс жүргізілуде.
Алматы облысы инвестиция бәсекесінде жаңа орынға шықты
Кездесу барысында Синь Чансин Цзянсу провинциясының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, технология және табиғи энергия көздерін игеру бағытындағы тәжірибесін таныстырды.
Оның айтуынша, Цзянсу провинциясында 83 миллионнан астам адам тұрады. Экономикалық көрсеткіші бойынша өңір Қытайда екінші орында. Провинцияның жалпы өңірлік өнімі 2 трлн АҚШ долларынан асады.

Синь Чансин Қазақстанды Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі серіктестерінің бірі деп атады. Оның сөзінше, Қазақстанның логистикалық әлеуеті халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқарады.
– Біздің мақсатымыз өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, өзара тиімді байланыс орнату. Қол қойылған меморандум екі тарап арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге негіз болады деп сенемін, – деді ол.
Сапар аясында қонақтарға қазақ халқының тарихы мен мәдениетін таныстыратын көрме ұйымдастырылды. Делегация назарына Алматы облысы аумағынан табылған Алтын адам және өзге де археологиялық жәдігерлер ұсынылды.
Кездесуде өңірде алдағы уақытта іске асатын ірі жобалар да таныстырылды. Тараптар инвестициялық және мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







