Қазақстанда ломбард саны күн санап көбейіп жатыр. Экономист Расұл Рысмамбетовтің пікірінше, кейінгі жылдары қаржы секторына қойылған талаптың күшеюінен нарықтағы баланс бұзылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшының айтуынша, бірнеше жыл бойы банктер микрокредит ұйымдарына қатысты талапты қатайтуды қолдаған. Негізгі уәж тұтынушыны қорғау, комиссияны ашық ету, халықтың шамадан тыс қарызға батуын тежеу болды. Мұндай мақсаттың өз қисыны бар еді.
Алайда кез келген қатаң ереже тек тәртіп орнатпайды, сонымен бірге бәсекенің бағытын да өзгертеді.
«Банктер кепілсіз несие нарығында МҚҰ тарапынан туған бәсекені тежеуге мүдделі болды. Соның салдарынан микроқаржы ұйымдары бұрынғы өнімдері бойынша көбірек шектеуге тап келді. Әсіресе кепілсіз шағын қарыз сегментінде қысым күшейді», – дейді Расұл Рысмамбетов.
Экономистің түсіндіруінше, банк, МҚҰ және ломбард бірдей жүйе емес.
Банктер клиенттің табысын, төлем қабілетін, скорингін қарайды. Классикалық микроқаржы ұйымдары шағын әрі көбіне кепілсіз қарыз беруге бейімделген. Ал ломбардтың моделі мүлде басқа, адам мүлкін кепілге қояды да, едел-жедел ақша алады.
Сондықтан халықтың бір бөлігі банк пен МҚҰ-дан ақша алу ауырлаған сайын, ломбардтарға қарай ойыса бастаған. Мұнда табыс анықтамасы, ұзақ тексеріс, күрделі рәсім аздау. Кепіл бар жерде ақша алу жолы да қысқарады.
Бұдан бөлек…
Расұл Рысмамбетов мұны ломбардтардың «жеңісі» емес, нарықтың жаңа жағдайға бейімделуі деп бағалайды. Қаржы жүйесі бір-бірімен тығыз байланысты, бір арна тарылса, сұраныс міндетті түрде басқа жол іздейді. Банк пен МҚҰ қатаң бақылауға алынған сайын, кепіл арқылы қарыз беретін ұйымдардың өрісі кеңейеді.
Бұған халықтың нақты табысына қатысты күрделі ахуал да әсер етіп отыр.
Жалақы статистикада өскенімен, инфляция азаматтардың сатып алу қабілетін кемітіп жатыр. Баға қысымы сақталған жағдайда көп отбасы үшін аяқ астынан ақша табу мәселесі өзекті бола түседі. Мұндай кезде ломбард қысқа мерзімге қаржы табудың ең жылдам тәсілдерінің біріне айналады.
«Ақша шұғыл керек болғанда, адам ең алдымен қолжетімді арнаны іздейді. Банк ұзақ қараса, МҚҰ кредитті бұрынғыдай оңай бермесе, кепілге зат қойып ақша алу жолы алға шығады», – деген ой айтты экономист.
Оның пайымынша, алдағы жылдары ломбардтардың үлесі тағы да артуы мүмкін. Әсіресе банк пен микроқаржы ұйымдарына қойылатын талап қатаң күйінде қалса, ал халық жылдам әрі қолжетімді қаржы көзін іздеуді жалғастырса, ломбард нарығы одан әрі кеңейеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







